
Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының «Örken» Шығыс Қазақстан өңірлік білім беруді ақпараттандыру және дамыту ғылыми-әдістемелік орталығы Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетімен бірлесе отырып, 2025 жылғы 30 қазанда «Математика, физика және информатика пәндері бойынша үлгерімді арттырудың бірлескен стратегиялары: университет және мектеп» тақырыбында форсайт-семинар өткізді. Семинарға білім бөлімдерінің әдіскерлері мен облыстың математика, физика және информатика пәндерінің мұғалімдері қатысты.
Форсайт-семинар Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауын іске асыру аясында ұйымдастырылып, математика, физика және информатика пәндері бойынша білім сапасын арттыру мақсатында мектептер мен жоғары оқу орындары арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді бағыттарын айқындауға бағытталды. Семинар барысында оқу жетістіктерін талдау, білім алушылардың жеке оқу траекторияларын қалыптастыру және педагогикалық тәсілдердің тиімділігін арттыру құралы ретінде жасанды интеллект технологияларын енгізудің өзектілігі атап өтілді.
Семинар барысында қатысушылар оқушылардың үлгерімінің төмендеуінің негізгі себептерін талқылап, оқу үдерісіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект платформаларын интеграциялау қажеттілігін атап өтті. Сондай-ақ инженерлік және IT-ойлау дағдыларын дамытуға бағытталған бірлескен білім беру бағдарламалары мен элективті курстарды жүзеге асыру бойынша ұсыныстар әзірледі.
Іс-шара қорытындысы бойынша «мектеп – университет» форматындағы бірлескен зерттеу және әдістемелік топтарды құру ұсынылды. Аталған топтардың қызметі оқыту мен үлгерімді мониторингілеу үдерістеріне жасанды интеллектті енгізуге, цифрлық білім беру ресурстарын әзірлеуге және педагогтердің цифрлық құзыреттілігін арттыруға бағытталатын болады.
Форсайт-семинардың нәтижелері білім беруді цифрландыру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруда және Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауында айқындалған стратегиялық басымдықтарға сәйкес заманауи білім беру кеңістігін қалыптастыруда маңызды қадам болмақ.