«Ауыл мектебі – сапа алаңы» тұжырымдамалық тәсілдерін іске асыру аясындағы «Білім сапасын арттырудың тиімді тетіктері: тәжірибе және нәтижелер» облыстық семинар-практикумы

«Ауыл мектебі – сапа алаңы» тұжырымдамалық тәсілдерін іске асыру аясындағы «Білім сапасын арттырудың тиімді тетіктері: тәжірибе және нәтижелер» облыстық семинар-практикумы

2025 жылғы 16 қазанда Марқакөл ауылында «Марқакөл орта мектебі №1» КММ базасында «Білім сапасын арттырудың тиімді тетіктері: тәжірибе және нәтижелер» тақырыбында облыстық семинар-практикум өтті.

Іс-шараның ұйымдастырушысы – Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының «Örken» білім беруді дамыту және ақпараттандырудың өңірлік ғылыми-әдістемелік орталығы.

Семинар-практикум республикалық «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасын жүзеге асыру аясында өткізілді. Жобаның басты мақсаты – ауыл мектептерін қолдау және өңірлерде білім сапасын арттыру болып табылады.

Семинар жұмысына облыстың ауылдық және шағын жинақты мектептерінен келген 50-ден астам педагогтер мен мектеп директорлары қатысты.

«Örken» орталығының әдіскері Бошаева Г.М. жоба мақсаттары мен іске асыру кезеңдері туралы баяндама жасады. Мектеп директоры Уркумбаев Ж.К. тірек мектебінің жұмыс тәжірибесімен бөлісіп, цифрлық шешімдерді енгізу, білім мазмұнын жаңарту және шағын жинақты мектептерді қашықтан оқыту арқылы қолдау бағыттарына тоқталды.

Семинар барысында Lesson Study әдістемесі бойынша шеберлік сабақтары өткізілді, негізгі пәндер бойынша қашықтан сабақтар көрсетілді, сондай-ақ «Ауыл мектебі – заманауи тірек мектеп» бастамасы аясында жабдықталған жаңартылған оқу кабинеттері таныстырылды. Оқушылар өздерінің зерттеу және шығармашылық қабілеттерін дамытуды көздейтін жобалық жұмыстарын ұсынды.

Іс-шара соңында қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, ауыл мектептерін одан әрі дамыту және ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады. Ұйымдастырушылар мен педагогтерге алғыс хаттар табысталды.