
ШҚО Білім басқармасының «Өркен» Шығыс Қазақстан өңірлік ғылыми-әдістемелік орталығында «Күнделікті өмірде жарақаттардың алдын алу» тақырыбында танымдық сабақ өтті. Сабақ МҚК «Шығыс» профилактикалық медицина орталығының маманы Мұхтарова Жанар Аскарқызымен бірлесіп ұйымдастырылып, сұхбат форматында жүргізілді.
Сұхбат барысында оқушылар, ата-аналар мен мұғалімдер жарақат дегеніміз не, оның түрлері қандай және олардың алдын алу жолдары жөнінде маңызды мәліметтер алды. Жанар Аскарқызының айтуынша, тұрмыстық жарақаттардың көпшілігі ұқыпсыздықтан және қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан болады. Әсіресе үйде, мектепте және көшеде кездесетін қауіптерге назар аударылды: өткір заттар, тайғақ едендер, электр құрылғылары, баспалдақтар мен жол қозғалысы.
Спикер жарақаттың алдын алу бойынша мынадай практикалық кеңестер берді:
Сонымен қатар жарақат алған жағдайда көрсетілетін көмек те қарастырылды: досына көмектесу, ересектерді немесе жедел жәрдемді шақыру, медициналық қызметкерлер келгенше қолда бар заттармен жарақаттанған аяқ-қолды бекітіп қою.
Сабақтың соңында Жанар Аскарқызы жарақаттың алдын алудағы ең бастысы – жауапкершілік, мұқияттылық пен сақтық екенін, сондай-ақ ата-аналардың балаларға қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін үнемі ескертіп отырғаны маңызды екенін атап өтті.
Сабақ тартымды әрі мазмұнды өтті. Қатысушылар тек жаңа білім алып қана қоймай, жарақаттан сақтанудың ең жақсы жолы – өзіне және айналадағы адамдарға ұқыпты қарау екенін түсінді.