Светлана Ивановна Ферхо институтты бітіргеннен кейін Зырян ауданының білім беру жүйесінде әртүрлі лауазымдарда қызмет атқарды.
1999-2006 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан облыстық Білім департаментін басқарды. 2007 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің IV-V шақырылымдарының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитеттің мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Нұр Отан» ХДП фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңестің Денсаулық сақтау және демография, білім беру және отбасы саясаты жөніндегі комиссиясының мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясы фракциясы жетекшісінің орынбасары болды.
Өз қызметі барысында ол өзін адал қызметкер, шығармашыл ойлайтын кәсіби маман ретінде көрсетті. Оның бастамасымен Шығыс Қазақстан облысында үздіксіздік, технологиялық, мобильділік, демократиялылық және толеранттылық принциптеріне негізделген білім беруді басқарудың тиімді жүйесі құрылды.
Басқарушылық қызметінің негізі білім беру жүйесін жаңартудағы инновациялық тәсілдер болды. Оның бастамасымен Қазақстан Республикасы дамуының жаңа кезеңі жағдайында облыстың білім беру жүйесін жаңғыртудың кешенді-мақсатты бағдарламасы әзірленді, облыстағы қабілетті және дарынды балалармен жұмыс сапалы жаңа деңгейге көтерілді.
Светлана Ивановна әрбір аудан мен қаланың басшыларымен және педагогикалық жұртшылығымен кездесуге, білім беру жүйесін дамытудың өзекті мәселелері мен проблемаларын шешуге, нақты әрі тиімді шешімдер қабылдауға үлкен мән берді.
Жұмыс істеген уақытында «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Ы. Алтынсарин атындағы медальмен марапатталды. Сондай-ақ, «ҚазКСР білім беру ісінің үздігі», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгілерімен, «Астананың 10 жылдығы», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапатталды.
Зырян аудандық мәслихатының 2016 жылғы 29 қарашадағы № 10/4-6 шешіміне сәйкес, Светлана Ивановна Ферхоға «Зырян ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.