Эммануил Иванович Трефилов Томск политехникалық институтын бітіргеннен кейін өзінің бүкіл еңбек жолын Шығыс Қазақстанның энергетика саласына арнады. 40 жылдан астам уақыт бойы Бұқтырма су электр станциясында жұмыс істеп, электр машинасы цехының электротехникалық зертхана бастығынан станция директорына дейінгі жолдан өтті.
Осы жылдар ішінде Э.И. Трефилов өзін жоғары білікті маман, сауатты, адамдардың мәселелеріне сезімтал және мұқият қарайтын басшы ретінде көрсетті. Оның басшылығымен қойылған міндеттерді жоғары деңгейде шешетін жұмысшылар мен инженерлік-техникалық қызметкерлердің кәсіби ұжымы қалыптасты.
Алдымен Бұқтырма су электр станциясының, кейін «Казцинк» акционерлік қоғамының құрамындағы гидроэнергетикалық кешеннің директоры бола отырып, Э.И. Трефилов станцияны техникалық жаңғыртуға үлкен көңіл бөлді. Ол станцияны реконструкциялаудың бастамашысы болды, бұл кәсіпорынға электр энергиясын өндіруді жыл сайын арттыруға, тұрақты және апатсыз жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Оның басшылығымен және тікелей қатысуымен соңғы жылдары гидростанцияда Бұқтырма су қоймасының су ресурстарын тиімдірек пайдалануға мүмкіндік беретін ауқымды қайта құру жұмыстары жүргізілді.
Жоғары іскерлік, азаматтық және адами қасиеттері Э.И. Трефиловқа жүктелген міндеттерді табысты орындауға, кәсіпорын экономикасына терең бойлауға, өндірісті ұйымдастырудың ең тиімді тәсілдерін іздеуге, ұжым мәселелерін тиімді шешуге және Серебрянск қаласының әлеуметтік мәселелерін шешуге көмектесуге мүмкіндік берді.
Қазақстандағы ең ірі электр станцияларының бірі болып табылатын және Э.И. Трефилов 20 жыл бойы басқарған Бұқтырма су электр станциясы Серебрянск қаласының, ауданның және жалпы республиканың экономикасына елеулі үлес қосып келеді.
Гидроэнергетикалық кешен ұжымы Серебрянск қаласының әлеуметтік саласына, басқа да кәсіпорындарға көмек көрсетіп, жыл сайын қала мектептеріне, қарттар үйіне, психоневрологиялық дамуы тежелген жетім балаларға арналған балалар үйіне қайырымдылық көмек көрсетеді, жастар арасында спорттың дамуына үлкен көңіл бөледі.
Эммануил Ивановичтің көпжылдық адал еңбегі түрлі марапаттармен және атақтармен жоғары бағаланды. Ол Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған мерекелік медальмен марапатталған, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатына ие. Бұқтырма СЭС дамуына қосқан үлесі үшін Қазақ КСР Энергетика министрлігінің Құрмет грамотасымен, КСРО Электр станциялары мен электр өнеркәсібі қызметкерлері кәсіподақтары Орталық Комитетінің Құрмет грамотасымен, «Казцинк» АҚ Құрмет грамотасымен және бағалы сыйлықтармен марапатталған. Оның есімі Бұқтырма СЭС-інің Құрмет кітабына енгізілген.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердің энергетикасындағы интеграциялық процестерді дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Э.И. Трефиловқа «ТМД-ның еңбек сіңірген энергетигі» құрметті атағы беріліп, есімі ТМД елдерінің энергетика энциклопедиясына енгізілді. «Казцинк» акционерлік қоғамының қалыптасуы мен дамуына қосқан ерекше үлесі үшін 2003 жылы «Казцинк» АҚ-ның Күміс ерекшелік белгісімен, 2005 жылы компанияның ең жоғары марапаты – «Казцинк» АҚ-ның Алтын ерекшелік белгісімен марапатталды. Қазақстан энергетикасының еңбек сіңірген қызметкері және ардагері ретінде Э.И. Трефилов «ГОЭРЛО-ға 80 жыл» ескерткіш белгісімен марапатталды.
Өзінің еңбектегі жетістіктері, жоғары кәсібилігі, әділдігі, айналасындағыларға деген ілтипаттылығы мен жанашырлығы, терең білімділігі арқасында Эммануил Иванович Трефилов жұмыс істес әріптестерінің, басшылардың және Серебрянск қаласының, ауданның, облыстың жұртшылығының жоғары беделі мен терең құрметіне ие болды.
Зырян аудандық мәслихатының 2006 жылғы 15 ақпандағы № 32/13-3 шешіміне сәйкес, Эммануил Иванович Трефиловқа «Зырян ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.