1937 жылы 18 қарашада Шығыс Қазақстан облысы Зырян ауылында дүниеге келген.
Миков Владимир Феофанович 1960 жылдары Өскемен индустриалды техникумын бітіріп, «техник-электрик» мамандығын алды.
1962 жылдан бастап электр монтері, ұсату учаскесінің автоматизация жүйелерін пайдалану тобының электригі, байыту фабрикасының ақпараттық-есептеу орталығының бастығы болып жұмыс істеді. Учаскеде еңбекті ұйымдастырудың прогрессивті формасын енгізді. Ол 56 рационализаторлық ұсыныс беріп, олар Зырян қорғасын комбинатының (ЗҚК) байыту фабрикасында қабылданды.
1988 жылғы 1 қыркүйекте Зырян қорғасын комбинатының байыту фабрикасында В.Ф. Миковтың бастамасымен және оның пікірлестері Ю. Черданцев пен Ф. Залевскийдің қолдауымен тас кесу өндірісі құрылып, ол жаңадан құрылған тас кесу цехының бастығы болып тағайындалды. Тас өңдеу станоктарын В.Ф. Миковтың өзі жобалаған. Жобалау мен дайындау жұмыстары бір мезгілде жүргізілді. Владимир Феофанович көптеген жас мамандарды таспен жұмыс істеуге үйретті. 1989 жылдың 8 наурызына қарай тас кесу цехының алғашқы өнімдері шығарылды. В.Ф. Миковтың жетекшілігімен бірқатар қызықты тас кесу және зергерлік бұйымдар жасалып, олар жергілікті, облыстық және республикалық көрмелерге қойылды.
Владимир Феофанович Миков — білуге құмар, белсенді, тынымсыз энергия иесі, ол тіпті жас кезінен-ақ тек өндірістік кәсіпорындардағы жұмыспен ғана шектеліп қалмаған. Оның дүниетанымының кеңдігі, табиғи ақылы, адамдармен тіл табыса білу қабілеті айналасына көптеген ізденімпаз жандарды жинады. Ол өмір бойы бір нәрсені үйренумен және өзі білетін істі өзгелерге үйретумен өтті.
Спорттың әртүрлі түрлерімен айналысты, бірақ туризм мен альпинизмге басымдық берді. Альпинизмнен 3-ші разряды болды. 1958 жылдың сәуір айында Зырян қорғасын комбинатында кәсіподақ комитетінің қолдауымен тау туризмі және альпинизм секциясы ұйымдастырылды. Оның жетекшілерінің бірі В.Ф. Миков болды.
Владимир Феофанович бос уақытының бәрін туризмге арнап, осы спорт түрінің насихатшысы және жастардың тәлімгері болды. Туризм-альпинизм секциясы жұмыс істеген жылдар ішінде (1958-1986 жж.) Зырян қаласының альпинистері мен туристері Зырян ауданы мен Таулы Алтай өңіріне көптеген жорықтар жасады, Мұзтауға (Белуха) шықты, тау өзендерімен жүзіп өтті. Оның көптеген шәкірттері «КСРО Турисі», «КСРО Альпинисі» белгілерімен марапатталып, спорттық разрядтар мен нұсқаушы атақтарын алды.
2009 жылы Владимир Феофанович Миков Кемерово қаласының ғалымы Н.И. Романовамен бірге Бұқтырма өзенінің жоғарғы жағында тұратын ескі діни сенімдегілер (староверлер) туралы диссертация дайындау мақсатында Қатонқарағай ауданындағы экспедицияға қатысты.
Владимир Феофанович — өз өлкесіне, туған жеріне ғашық, өлкетанушы, фотограф ретінде өз білімімен, тәжірибесімен және алған әсерлерімен қала оқушылары мен студенттерімен белсенді бөлісіп отырған жан.
Алтай аудандық мәслихатының 2023 жылғы 24 сәуірдегі № 2/4-VІІІ шешіміне сәйкес, Владимир Феофанович Миковқа «Алтай ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.