1910 жылы Владивосток қаласында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысының ардагері, Кеңес Одағының Батыры.
Кольцов Павел Федорович жеті сыныпты бітіргеннен кейін гаражда жұмыс істеді, содан кейін жүргізушілер курсын тәмамдап, Советская Гаваньда, Владивостокта, ал 1931 жылдан бастап Омбы қаласында жүргізуші болып еңбек етті. 1932 жылғы қазаннан 1935 жылғы қарашаға дейін П.Ф. Кольцов Қызыл Армия қатарында қызмет етті. Қызметтен кейін Омбы қаласына оралды. 1940 жылдың көктемінде Краснодар өлкесінің Майкоп қаласына көшіп барды. Онда қайтадан автобазада жүргізуші болып жұмыс істеп, механиктер мектебінде оқыды.
1941 жылғы 25 маусымда П.Ф. Кольцов әскерге шақырылды. Жеке авторота құрамында майданға аттанады. 1944 жылдың сәуіріне дейін көлік бөлімшесінің командирі, жараланғаннан кейін пулемет бөлімшесінің командирі болып қызмет етті. Польшадағы ұрыстар үшін П.Ф. Кольцов Жауынгерлік Қызыл Ту орденімен марапатталды, ол Варшава мен Берлинді азат ету және қаһармандықпен шабуылдауға қатысты. Осы ерліктері үшін «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» және басқа да медальдармен марапатталды.
1945 жылғы 17 сәуірде кіші сержант П.Ф. Кольцов өз пулеметінің отымен батальонның оң қанатын тасалап, 85 фашистің көзін жойды. 1945 жылғы 27 сәуір мен 2 мамыр аралығында Берлиндегі көше ұрыстарында П.Ф. Кольцов 100-ден астам гитлершіні жайратты.
Жаумен шайқаста көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1945 жылғы 15 мамырдағы Жарлығымен Павел Федорович Кольцовқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Бірақ тек 1950 жылдың ақпанында ғана ол Ленин ордені мен Батырдың «Алтын Жұлдызын» алды.
1945 жылғы қазанда демобилизациядан кейін П.Ф. Кольцов Майкоп ГЭС-інің құрылысында жүргізуші болып жұмыс істеді.
1953 жылдан бастап П.Ф. Кольцовтың өмірі Зырян қаласымен байланысты болды. Ол Зырян қорғасын комбинатының байыту фабрикасында 7-ші разрядты слесарь, аға аспапшы болып, 1969 жылы зейнетке шыққанға дейін жұмыс істеді. П.Ф. Кольцовтың Зырян қорғасын комбинатындағы көпжылдық адал еңбегі бірнеше рет алғыстармен және көтермелеулермен атап өтілді.
Зырян қорғасын комбинатында жұмыс істей жүріп, сондай-ақ құрметті демалыста болған кезде П.Ф. Кольцов жас ұрпақты әскери-патриоттық тәрбиелеу бойынша үлкен жұмыс жүргізді, қаланың оқу орындарында жастармен кездесулерге қатысып, Ұлы Отан соғысы туралы естеліктерімен бөлісті. П.Ф. Кольцов бірнеше рет қазақстандық Кеңес Одағы Батырларының республикалық және облыстық слеттеріне қатысты. Батырдың облыстық архивтің Зырян филиалында сақталған жеке құжаттары үлкен тәрбиелік мақсаттарға қызмет етеді.
Жауынгерлік еңбегі, жаумен шайқаста көрсеткен қаһармандығы, Зырян өңірінің игілігі үшін жасаған көпжылдық адал еңбегі үшін П.Ф. Кольцов азаматтар мен аудан-қала жұртшылығы арасында терең құрмет пен жоғары беделге ие болды.
Зырян аудандық мәслихатының 1974 жылғы 22 ақпандағы № 94 шешіміне сәйкес, Кольцов Павел Федоровичке «Зырян ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.