1936 жылы 21 шілдеде Алматы қаласында дүниеге келген.
Дяглев Петр Федорович еңбек жолын 1980 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітіргеннен кейін «Чапаевский» астық кеңшарының Бородин бөлімшесінде зоотехник болып бастады. Кейін «Никольский» кеңшарының бас зоотехнигі болып жұмыс істеді. 1967 жылдан бастап «Средигорненский» кеңшарын басқарды. 1994 жылы кеңшар ауыл шаруашылығы кәсіпорны болып, 1996 жылы — өндірістік кооператив, ал 2004 жылы жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып қайта құрылды. Осы уақыт ішінде, 50 жылға жуық мерзімде П.Ф. Дяглев шаруашылықтың ауыспас жетекшісі болып келеді.
П.Ф. Дяглевтің ұйымдастырушылық қабілетінің, талапшылдығының және оның егіншілік пен мал шаруашылығын жүргізу мәдениетін арттыру бойынша жүргізген тұрақты әрі тыңғылықты жұмысының арқасында кәсіпорын әрқашан рентабельді болып, өндіріс көлемін ұдайы арттырып отырды. Шаруашылықта жоғары өндірістік көрсеткіштерді қамтамасыз ететін инженерлік-техникалық қызметкерлердің, орта буын басшыларының, механизаторлар мен мал өсірушілердің жоғары кәсіби ұжымы қалыптасқан. П.Ф. Дяглевтің басшылығымен және тікелей қатысуымен өндіріске озық технологиялар енгізілуде, инфрақұрылымды, әлеуметтік саланы сақтау және дамыту, Средигорное ауылдық округі ауылдарын абаттандыру бойынша үлкен жұмыстар жүргізілуде. П.Ф. Дяглев көптеген жылдар бойы ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысып келеді. Облыстық, аудандық және ауылдық кеңестердің депутаты болды, облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланды.
П.Ф. Дяглевтің көпжылдық адал еңбегі мен кәсіби еңбегі мемлекеттік марапаттармен: Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет белгісі» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Құрмет» орденімен, «Тың және тыңайған жерлерді игеруге 50 жыл» медалімен атап өтілді.
Зырян аудандық мәслихатының 2006 жылғы 18 маусымдағы № 36/6-3 шешіміне сәйкес, Дяглев Петр Федоровичке «Зырян ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.