1949 жылы 16 қарашада Қостанай облысы Таран ауданының Смайловка кентінде дүниеге келген. 1980 жылы Свердлов халық шаруашылығы институтын «бухгалтерлік есеп» мамандығы бойынша бітірген.
Гейгер Элла Яковлевна еңбек жолын есепші-кассир лауазымынан бастап, көп жылдарын мемлекеттік қызметке арнады. 17 жылдан астам уақыт бойы Зырян ауданы әкімінің орынбасары болды, қазіргі уақытта Алтай ауданының Соғыс және тыл еңбеккерлері ардагерлер кеңесінің төрайымы қызметін атқаруда.
Жұмыс істеген уақытында өзін ведомстволық аумақты басқару мәселелерін табысты шешетін білікті де бастамашыл басшы ретінде көрсетіп, өңірдің қоғамдық-саяси тұрақтылығын қамтамасыз етуге, ұлтаралық келісімді нығайтуға және әлеуметтік-экономикалық дамуына лайықты үлес қосты.
Жоғары кәсібилігінің, еңбекқорлығының, міндеттерді шешудегі салмақты әрі талдаушылық тәсілінің, өзіне және қол астындағыларға қоятын талапшылдығының арқасында Э.Я. Гейгер экономика, қаржы, білім беру, ішкі саясат, салық саласы, жұмыспен қамту, еңбек және еңбекақы, коммуналдық меншікті басқаруды ұйымдастыру мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың жұмысын тиімді үйлестірді. Мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік саясатын түсіндіруге үлкен көңіл бөлді.
Ардагерлер кеңесінің төрайымы лауазымында қарт азаматтарды қолдау ісіне үлкен үлес қосып, қарияларға, олардың тұрмыстық жағдайлары мен материалдық әл-ауқатына шынайы қамқорлық танытып келеді. Қоғамдағы ардагерлер ұйымдарының рөлін, маңызы мен беделін арттыру үшін көп еңбек сіңіруде.
Оның басшылығымен және тікелей қатысуымен аудандық Ардагерлер кеңесі қалалық және ауылдық бастауыш ұйымдарды дамыту мен қолдау, жас ұрпақты тәрбиелеу, қарттарға арналған мемлекеттік мерекелер мен қоғамдық іс-шараларды дайындау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіп келеді.
Э.Я. Гейгердің көпжылдық адал еңбегі түрлі марапаттармен атап өтілді:
«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерейтойлық медалі;
«Қазақстан Конституциясына 10 жыл» медалі;
2012 жылы — «Ерен еңбегі үшін» медалі;
2017 жылы — «Қазақстан ардагерлер ұйымына 30 жыл» мерейтойлық медалі;
«Шығыс Қазақстан мәслихаттарына 25 жыл» мерейтойлық медалі;
2018 жылы — «Астана 20 жыл» мерейтойлық медалі;
2021 жылы — «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медалі;
2021 жылы — «Нұр Отан» партиясы бюросының қаулысымен «Белсенді қызметі үшін» медалі;
2023 жылы — «Сіңірген еңбегі үшін» ордені.
Элла Яковлевнаның белсенді азаматтық ұстанымы мен патриотизмі жергілікті атқарушы билік органдарының рөлі мен беделін арттыруға септігін тигізеді. Азаматтық келісімді нығайту мақсатында ол жергілікті билік органдарының бұқаралық ақпарат құралдарымен ынтымақтастығына үлкен мән береді. Мемлекеттік саясатты түсіндіру бойынша әлеуметтік-мәдени іс-шараларға, халықтың түрлі топтарымен, қоғамдық, жастар ұйымдарының және діни бірлестіктердің өкілдерімен кездесулерге белсене қатысады.
Өзінің білімі, тәжірибесі, эрудициясы, әділдігі, талапшылдығы мен жанашырлығының арқасында Э.Я. Гейгер Алтай ауданының басшылары, жұртшылығы мен халқы арасында терең құрметке ие болды.
Зырян аудандық мәслихатының 2018 жылғы 7 қыркүйектегі № 24/10-VІІ шешіміне сәйкес, Гейгер Элла Яковлевнаға «Зырян ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.