Баянов Николай Павлович еңбек жолын кеніштегі жерасты электр слесарінен бастап, күрделі құрылыс бөлімінің басшысы және негізгі қорлар қызметінің менеджері лауазымына дейін өтті. Оның өмірбаяны — инженер-энергетик-механик мамандығының ең үздік дәстүрлеріне адалдықтың үлгісі.
Николай Павлович — табиғатынан оптимист және тынымсыз ізденімпаз жан, ол жаңа жаңалықтар іздеп, ел кезген комсомолдық құрылыстар мен геологиялық барлау экспедицияларының мектебінен өткен. Ол өзінің мінезін шыңдап, алғашқы өндірістік тәжірибесін Төменгі Амур және Солтүстік Қазақстан геофизикалық далалық экспедицияларында жинақтады, «Казсельмаш» зауытында токарлық мектептен өтті. Ал 1965 жылы Зырян қорғасын комбинатында өзінің аңызға айналған өндірістік жолын бастады.
Дәл осы кеншілер қаласы — Зырян Николай Баяновтың еңбек өмірбаянындағы ірі оқиғалардың орнына айналды. Ол көптеген жылдар бойы, бас механик лауазымынан бастап, Малеевка кенішінің маңызды нысандарының құрылысын басқарды. 1987 жылдың өзінде, «Вентиляционная» шахтасының көтергіш қондырғысын монтаждау басталған кезде, ол Малеевка кенішіне алғаш рет келген болатын. Бүгінде Николай Павлович өзінің белсенді қатысуымен салынған тау-кен өндірісінің флагманы — Малеевка кенішін мақтан тұтады. Малеевка кенінің жер бетіне шығуы үшін ол басшы әрі инженер ретінде бар күш-жігері мен энергиясын жұмсады.
«Казцинк» ЖШС Зырян тау-кен байыту кешенінде Николай Павлович Баянов көптеген маңызды оқиғалар мен жетістіктердің куәсі болды. Ол кәсіби маман ретінде өзінің бай тәжірибесін қолданып, сауатты техникалық шешімдер таба білді. Николай Павловичтің басшылығымен тау-кен байыту өндірісін жақсарту үшін батыл қадамдар жасалды, өндірісті жоғары технологиялық деңгейге көтеретін көптеген жобалар жүзеге асырылды. Қалдық қоймасының бөгетін нығайту, Малеевка кенішін желдету жобасын іске асыру — бұл кәсіпорын дамуындағы маңызды қадамдар, оларды Николай Баяновтың тәжірибесінсіз және қатысуынсыз жүзеге асыру әлдеқайда қиын болар еді.
Бүгінгі таңда өндірісті қолдау қызметінің бас маманы-электромеханигі Николай Павлович Баяновтың тікелей қатысуымен Малеевка кеніші мен Зырян ТКБК байыту фабрикасында өндірістік прогресс алға жылжып келеді. Николай Павлович — өндірісті терең білетін, өз кәсібінің бай тәжірибесі бар жоғары деңгейлі маман.
Зырян аудандық мәслихатының 2017 жылғы 25 желтоқсандағы № 24/10-VІ шешіміне сәйкес, Баянов Николай Павловичке «Зырян ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.