2025 жылғы Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы
2025 жылы 1 тамыз бен 20 қазан аралығында өтетін Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы туралы ақпарат беруге рұқсат етіңіздер. Санақ өткізу және оның мерзімдері туралы шешім Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкіметпен қабылданды. Мерзімдер ауыл шаруашылығы жұмыстарының маусымдылығын және ауыл шаруашылығы жылы аяқталғаннан кейін өзекті деректер алу қажеттілігін ескере отырып белгіленді. Санақтың мақсаты – ауыл шаруашылығы нысандарын жан-жақты қамту, деректердің қайталануын болдырмау, саланың негізгі үрдістерін, мәселелерін және қажеттіліктерін анықтау. Санақ қорытындылары мемлекеттік аграрлық саясатты тиімдірек қалыптастыруға және ауыл шаруашылығы өндірушілеріне нысаналы қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
Алтай және Серебрянск қалаларында 2025 жылғы 1–30 маусым аралығында жеке қосалқы шаруашылықтарды алдын ала аралау жүргізілді. Бұл кезеңде санақ персоналы негізгі сұхбатқа жататын үй шаруашылықтарының тізімдерін нақтылады. Жұмыс барысында мекенжайларда шынымен адамдардың тұратыны және жеке қосалқы шаруашылық жүргізетіні анықталды. Қала жеріндегі нақтыланған тізімдер негізінде негізгі кезеңге мекенжайлар іріктеледі.
Санақтың негізгі кезеңі 1 тамыздан 20 қазанға дейін жалғасады және онлайн және офлайн кезеңдерден тұрады.
Бірінші кезең – 1 тамыздан 31 тамызға дейін sanaq.gov.kz сайтында онлайн-сауалнама жүргізіледі. Заңды тұлғалар, фермерлер, үй шаруашылықтары – барлығы порталда санақ парақтарын қашықтан өздері толтыра алады. Бұл әдіс барынша ыңғайлы, деректерді жедел әрі сапалы жинауға мүмкіндік береді.
Негізгі кезеңде ауылдық жерлердегі жеке қосалқы шаруашылықтар 100% қамтылады. Қалалық жерде жеке қосалқы шаруашылықтар мен ауыл шаруашылығы жануарлары бар иелер толық қамтылады, егіс алқабы барлар ішінара іріктеледі.
Онлайн санақ кезінде барлық ауылдық округтер әкімдіктерінде өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары ашылады. Қалалық жерде: Серебрянск қаласында – Веденеева көшесі, 14; Алтай қаласында – Астана көшесі, 78; Алтай ауданының статистика басқармасында – А.Несмеянов көшесі, 39, ХҚКО ғимараты, 5-кабинет. Сондай-ақ әрбір азамат sanaq.gov.kz сайтында сауалнаманы өз бетінше толтыра алады.
Сайтқа кіргенде респонденттер тіркеліп, ЭЦҚ, QR-код немесе SMS арқылы жүйеге кіреді. Сауалнамада кейбір жолдарда мемлекеттік органдардың дерекқорында бар мәліметтер көрсетіледі. Респондент оларды қалдыруға немесе жаңартуға құқылы. Сауалнаманы толтыруды үзіп, кейін қайта жалғастыруға болады. Сауалнама аяқталған соң, респондент электрондық поштасына санақтан өткендігі туралы хабарлама алады.
Сауалнама толтыру кезінде сұрақтар туындаса, респонденттер арнайы үйретілген жасанды интеллект көмегімен жауап беретін Sanaq-Myrza виртуалды көмекшісі арқылы толық кеңес ала алады.
Сондай-ақ Бюроның байланыс орталығына 1446 нөмірі арқылы хабарласуға болады. Қоңыраулар 9:00–18:30 аралығында, ал онлайн-сауалнама кезеңінде тәулік бойы қабылданады.
Екінші кезең – сұхбат алушылардың үй шаруашылықтарын жеке аралауы, ол 2025 жылғы 20 қыркүйектен 20 қазанға дейін өтеді. Бұл мерзім сауалнаманы өз бетінше толтырғандарды ескере отырып, үй шаруашылықтарының тізімдерін қалыптастыру үшін қажет.
Осылайша, санақ барлық респонденттер санаттарын қамтиды және ақпаратты толық әрі шынайы жинауды қамтамасыз етеді.
Азаматтарды санаққа саналы түрде қатысуға шақырамыз, өйткені бұл жай ғана статистикалық іс-шара емес, әрқайсымызға қатысы бар мемлекеттік маңызы бар іс.
Сауалнамадағы сұрақтар:
Заңды тұлғалар үшін – жер және егіс алқаптары, мал басы, ауыл шаруашылығы техникасы және инфрақұрылымға қолжетімділік туралы; қызмет сипаты, еңбек ресурстары және басқа да қызмет аспектілері.
Үй шаруашылықтары үшін – жер көлемі, маусымдық немесе көпжылдық дақылдар отырғызу, мал мен құс ұстау, жайылымға шығару, малды қайда ұстайтыны сияқты қысқартылған сұрақтар қойылады.
Бюро ұлттық статистикасы алынған деректердің құпиялығын және олардың тек статистикалық мақсатта қолданылатынын кепілдейді. Деректер салық немесе өзге де мемлекеттік органдарға берілмейді, тек жиынтық түрде жарияланады.
2025 жылғы Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы – Қазақстанның аграрлық секторының тұрақты дамуы мен азық-түлік қауіпсіздігі үшін стратегиялық маңызды іс-шара. Алынған деректер тиімді мемлекеттік саясат пен ауыл шаруашылығы өндірушілерін барлық деңгейде қолдау үшін негіз болады. Барлық қатысы бар азаматтарды белсенді қатысуға шақырамыз.