«Алтай ауданы әкімінің аппараты» ММ қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау нәтижелері туралы ТАЛДАУ АНЫҚТАМАСЫ

«Алтай ауданы әкімінің аппараты» ММ қызметіндегі

сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау нәтижелері туралы

ТАЛДАУ АНЫҚТАМАСЫ

 

 

 

Алтай қ.                                                                                                   28.04.2026 ж.

 

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңының 8-бабы 5-тармағына, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының 2016 жылғы 19 қазандағы №2 бұйрығымен бекітілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің үлгілік қағидаларына, Шығыс Қазақстан облысының облыстық басқармалары мен қалалары және аудандары әкімдіктерінің сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізуінің 2026 жылғы 25 ақпандағы кестесіне сәйкес, «Алтай ауданы әкімінің аппараты» ММ (бұдан әрі – Аппарат) және Алтай ауданының атқарушы органдарында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізілді.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау (бұдан әрі – талдау) 2026 жылғы 1 сәуір мен 28 сәуір аралығында бірінші басшылардың актілерімен құрылған жұмыс топтарымен (Алтай ауданы әкімі аппараты басшысының 2026 жылғы 26 наурыздағы №21 бұйрығымен Алтай ауданы әкімі аппаратының жұмыс тобы құрылды) жүргізілді.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау келесі бағыттар бойынша жүзеге асырылды:

ауданның жергілікті атқарушы органдарының қызметін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау;

ауданның жергілікті атқарушы органдарының ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау.

Талдау жүргізу кезінде мыналар пайдаланылды:

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының 2022 жылғы 30 желтоқсандағы №488 бұйрығымен бекітілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу бойынша әдістемелік ұсынымдар.

Жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасы Заңдарының, мемлекеттік бағдарламалар мен ұлттық жобалардың орындалуын және іске асырылуын қамтамасыз етуді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары болып табылады. Мемлекеттік органдар өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және Заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге және мемлекеттік орган туралы ережелерге сәйкес жүзеге асырады.

Талдау объектілері ретінде мыналар айқындалды:

Алтай ауданы әкімінің аппараты;

Алтай қаласы әкімінің аппараты;

 

Серебрянск қаласы әкімінің аппараты;

Жаңа Бұқтырма кенті әкімінің аппараты;

Зубовка кенті әкімінің аппараты;

Прибрежный кенті әкімінің аппараты;

Октябрьск кенті әкімінің аппараты;

Тұрғысын ауылдық округі әкімінің аппараты;

Средигорное ауылдық округі әкімінің аппараты;

Полянское ауылдық округі әкімінің аппараты;

Малеевка ауылдық округі әкімінің аппараты;

Парыгино ауылдық округі әкімінің аппараты;

Соловьево ауылдық округі әкімінің аппараты;

Чапаев ауылдық округі әкімінің аппараты;

Никольск ауылдық округі әкімінің аппараты;

Северное ауылдық округі әкімінің аппараты;

Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі;

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі;

Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі;

Сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі;

Ішкі саясат бөлімі;

Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі;

Қаржы бөлімі;

Кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі;

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі.

2025 жылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің алдыңғы кезеңінде «Алтай ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі мен Алтай ауданының атқарушы органдарының қызметінде 9 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталды.

Алтай ауданының жергілікті атқарушы органдарында және ведомстволық қарасты ұйымдарында ішкі талдау нәтижелері бойынша анықталған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес мүдделі мемлекеттік органдарға 8 бастамашылық хат жолданды. Оның ішінде 5 сыбайлас жемқорлық тәуекелі бұрынғы күйінде қалды және өзгертілмеді, 4 тәуекел жойылды (2025 жылы анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша талдау қоса беріледі).

Талдау жүргізу барысында 9 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталды.

 

  1. Құқықтық олқылық.

Индикатор: лауазымды тұлғаның және/немесе талдау объектісінің құзыретін регламенттейтін ережелердің болмауы, бұл заңсыз пайда алу мақсатында өкілеттіктерді ерікті түрде айқындау мүмкіндігін тудырады.

Жергілікті атқарушы органдардың қызметінде мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу кезеңінде сауданы ұйымдастыру мәселесі туындайды. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында аталған кезеңде сауда орындарын бөлу және кәсіпкерлік субъектілеріне сауда қызметін жүзеге асыруға рұқсат беру тәртібін реттеу қарастырылмаған. Қазіргі уақытта сауда орындарын бөлу нормативтік тұрғыдан бекітілген тәртіп болмағандықтан - кәсіпкерлердің өтініштері мен ішкі келісімдер негізінде жүзеге асырылады.

Бұл ретте мыналарды регламенттейтін бекітілген бірыңғай нормативтік құқықтық акт жоқ:

  1. өтінімдерді беру және қарау тәртібі;
  2. кәсіпкерлерді іріктеу критерийлері;
  3. сауда орындарын бөлу тәртібі (соның ішінде схемадағы сауда орнына нөмір беру);
  4. сауда орындарын орналастыру схемасын бекіту механизмі;
  5. орындарды бөлудің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету тәртібі;
  6. өтінімдерді қабылдау және қарау мерзімдері.

Сауда орындарын орналастыру схемасын қалыптастырудың бірыңғай қағидалары мен нормативтік бекітілген тәртібінің болмауы лауазымды тұлғалардың шешімдерді дискрециялық (субъективті) қабылдауына жағдай жасайды, кәсіпкерлер арасында сауда орындарын ашық емес және тең емес бөлу қаупін арттырады. Сонымен қатар, регламенттелген процедураның болмауы қызмет беруші мен қызмет алушылар арасында тікелей байланыстардың туындауына ықпал етеді, бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін арттырады.

Ұсынымдар: Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту мақсатында, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 28 ақпандағы         № 111 қаулысымен бекітілген Әкімшілік рәсімдердің біркелкілігін қалыптастыру бойынша әкімшілік органдардың қызметін жүзеге асыру қағидаларына сәйкес: «Мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізу кезеңінде кәсіпкерлерге сауда қызметін жүзеге асыруға рұқсат беру» әкімшілік рәсімін жүзеге асыру бойынша нұсқаулықты әзірлеу және бекіту ұсынылады.

 

  1. Құқықтық олқылық.

 Индикатор: ережедегі түсініксіз немесе екіұшты мағынасы бар, осылайша заңсыз түсіндіруге жол беретін тұжырым.

Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының (бұдан әрі - Қағидалар) 204-тармағының 1) тармақшасына сәйкес, конкурстық комиссия әлеуетті өнім берушілердің біліктілік талаптарына және конкурстық құжаттама талаптарына сәйкестігін қарау кезінде, қажет болған жағдайда, веб-портал арқылы әлеуетті өнім берушілерден конкурстық өтінімдерді қарауды, бағалауды және салыстыруды жеңілдету мақсатында олардың өтінімдеріне байланысты материалдар мен түсіндірмелерді сұратады.

Яғни, комиссия әлеуетті өнім берушіге біліктілік талаптарына сәйкестігін нақтылау үшін сұрату жіберуге құқылы.

Сонымен қатар, Қағидалардың 204-тармағында конкурстық комиссияның конкурстық өтінімді жетіспейтін құжаттармен толықтыруға, өтінімде ұсынылған құжаттарды ауыстыруға, тиісті түрде ресімделмеген құжаттарды сәйкестікке келтіруге байланысты сұрату жіберуіне және өзге де іс-әрекеттеріне жол берілмейтіні көрсетілген.

Мысалы, қала жолдарын қысқы күтіп ұстауға арналған біліктілік талаптарына сәйкес техника түрлерінің бірі ретінде шнекороторы бар автомобиль талап етіледі. Әлеуетті өнім беруші қатысуға өтінім беріп, біліктілік талаптары бөліміне растау ретінде УРАЛ 4320 автокөлігіне жалдау шартын және осы техниканың техникалық төлқұжатын тіркеген, бірақ оның қайта жабдықталған техника екені немесе шнекороторлы аспалы жабдығының бар екені ештеңемен расталмаған. Сондай-ақ, техникалық төлқұжатта қайта жабдықтау туралы белгі жоқ, себебі жаңа үлгідегі техпаспорт бойынша белгі тек уәкілетті органдардың деректер базасында ғана көрсетіледі.

Тәжірибе көрсеткендей, техниканың бұл түрін растау үшін өнім берушілер көлік құралының техникалық төлқұжатында қайта жабдықтау туралы белгі болмаған жағдайда, Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің Әкімшілік полициясы берген базадан анықтама қосады. Егер бұл аспалы жабдық болса, онда ҚР Қаржы министрінің 20.12.2012 ж. № 562 бұйрығына сәйкес жүкқұжат, шот-фактура немесе инвентарлық карточка ұсынылады.

Егер комиссия өнім берушіге шнекороторды растау туралы сұрату жіберсе, өнім беруші қайта жабдықтау туралы растау анықтамасын, қондырғы төлқұжатын немесе аспалы жабдықтың бар екені туралы жүкқұжатты ұсынады, бұл біздің пікірімізше, өтінімді толықтырумен тең деп саналуы мүмкін.

Бұдан бөлек, конкурстық комиссияның өтінімді толықтыруға байланысты сұрату жібергені үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 207-бабы 4-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде, Қағидалардың 204-тармағында конкурстық комиссияның өкілеттіктеріне және нақты регламенттеудің болмауына байланысты бірнеше сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар деген қорытындыға келеміз, атап айтқанда: - әлеуетті өнім беруші комиссияның сұратуына анықтама берген кезде, іс жүзінде өтінімді жетіспейтін құжаттармен толықтыруы мүмкін, бұл қатысушылардың теңдігі мен адал бәсекелестік принципін бұзады; - сұратуды тек әлеуетті өнім берушіге емес, сонымен қатар уәкілетті органға да жіберген кезде, комиссияға іс жүзінде өнім берушіде тиісті материалдық ресурстардың бар екенін дәлелдеу функциясы жүктеледі; - комиссияға қай әлеуетті өнім берушіден материалдар немесе нақтылаулар сұрату керек, ал қайсысынан сұратпау керек екенін өз бетінше шешуге құқық береді, бұл мүдделерді лоббилеуге әкеп соғуы мүмкін.

Осыған байланысты, техникалық қателер, бұрын расталған жабдықтардың өлшемдері сияқты нақтылауға жататын мәліметтер тізбесін шектеу қажет.

Ұсынымдар: Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігіне конкурстық комиссияның әлеуетті өнім берушіге сұратулар жіберуі бөлігінде нақтылау қажеттілігі туралы өтініш (ходатайство) енгізу.

 

  1. Құқықтық олқылық.

Индикатор: лауазымды тұлғаның және/немесе талдау объектісінің құзыретін регламенттейтін ережелердің болмауы, бұл заңсыз пайда алу мақсатында өкілеттіктерді ерікті түрде айқындау мүмкіндігін тудырады.

Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының (бұдан әрі - Қағидалар) 265-тармағына сәйкес, егер әлеуетті өнім берушінің орындауында ағымдағы қаржы жылында жасалған, өткізілетін мемлекеттік сатып алудың нысанасына сәйкес келетін шарты болса, веб-портал осындай әрбір шарт үшін осындай әлеуетті өнім берушінің конкурстық баға ұсынысына әсер ететін критерийлердің шартты жеңілдігінің жалпы сомасынан автоматты түрде нөл бүтін оннан екі пайызды (0,2 %) шегереді.

Сондай-ақ «Ұйымдастырушы нұсқаулығында» шартты жеңілдіктерді толтыру кезінде өнім берушінің орындауындағы «Тіркеуге жіберуге дайын», «Қолданылады», «Қосымша келісім жасалды», «Берілді. Қолданылады», «Құқықтарды беру» мәртебелері бар әрбір шарт үшін жалпы шартты жеңілдіктен 0,2% шегерілетіні жазылған.

Бірыңғай ұйымдастырушы № 16394670-1 «Аулаішілік жолдарды ағымдағы жөндеу. Алтай ауданы, Алтай қ., ШҚО» мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізді. Осы конкурсқа әлеуетті өнім берушілер: «ПЛЮС» ЖШС; «KZ155 COMPANY» ЖШС; «ЗЫРЯН МОСТДОРСТРОЙ» ЖШС; «Автодорстрой» корпорациясы» ЖШС тиісті лицензияларын қоса бере отырып, 4 өтінім берді.

Конкурс қорытындысы бойынша «KZ155 COMPANY» ЖШС жеңімпаз атанды, екінші орынды «ПЛЮС» ЖШС иеленді.

Кейіннен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алуы» веб-порталы арқылы «ПЛЮС» ЖШС-нен «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 25-бабы тәртібімен шартты жеңілдіктерді есептеу бөлігінде № 16394670-ОК1 конкурсының қорытынды хаттамасымен келіспеуіне байланысты шағым түсті, себебі портал «-0,2%» теріс мәнін қолданған. Бұл шағымды қанағаттандырудан бас тартылып, түсініктеме берілді.

Сондай-ақ, бірыңғай ұйымдастырушы «Электрондық қаржы орталығы» АҚ-на «веб-портал өнім беруші өтінім берген сәтте, өтінімдерді қабылдау аяқталған кезде немесе шартты жеңілдіктерді есептеу кезінде қорытынды хаттамасын қалыптастыру сәтінде «Тіркеуге жіберуге дайын», «Қолданылады», «Қосымша келісім жасалды», «Берілді. Қолданылады», «Құқықтарды беру» мәртебелері бар қолданыстағы шарттар бойынша қай сатыда теріс мәнді анықтайды?» деген сұрақпен түсіндірме алу үшін сұрату жолдады. 2026 жылғы 2 сәуірде веб-портал шарттардың болуын шартты жеңілдіктерді есептеу сатысында ескеретіні туралы жауап берілді.

Бұл ақпарат мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында да, ұйымдастырушы нұсқаулығында да көрсетілмеген, бұл қазіргі жағдайда: біріншіден, қорытынды хаттамасына шағымдану арқылы мемлекеттік сатып алу рәсімін созуға; екіншіден, әлеуетті өнім берушілерді шатастыруға; үшіншіден, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудыруға әкеп соғады.

Қазіргі уақытта «ПЛЮС» ЖШС мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына «Алтай ауданының қаржы бөлімі» ММ қатысты қорытынды хаттамасының нәтижелеріне шағымдану бойынша әкімшілік талап қойды.

Ұсыным: Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігіне Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының 265-тармағына веб-портал шарттардың болуын шартты жеңілдіктерді есептеу сатысында ескеретінін көрсету бөлігінде түзетулер енгізу туралы ұсыныс енгізу.

 

  1. Құқықтық олқылық.

Индикатор: азаматтың немесе ұйымның әкімшілік рәсімнің барысына әсер етуін қамтамасыз ететін процестік тәртіптің болмауы.

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 24 сәуірдегі № 235 бұйрығымен бекітілген «Құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы және орындалған жұмыстардың жобаға сәйкестігі туралы қорытындылардың, сәйкестік туралы декларацияның нысандарын бекіту туралы» 3-қосымшаның 13-тармағында келесідей қарастырылған: «халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін қолжетімділік қамтамасыз етілген, бұл халықты әлеуметтік қорғау органдарымен расталады». Яғни, халықты әлеуметтік қорғау органдары халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін қолжетімділіктің іс жүзінде қамтамасыз етілуін растайды.

Бұл функция жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жүктелген, бұл ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының және ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасы орынбасарының хатында көрсетілген - тұрғын үй-азаматтық және коммуналдық мақсаттағы нысандарды пайдалануға беруге облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар саласындағы жергілікті атқарушы органы өкілдерінің, мүгедектердің қоғамдық бірлестіктерінің мемлекеттік қабылдау комиссиясының құрамына қатысуынсыз жол берілмейді.

Бүгінгі таңда әлеуметтік қорғау органдары үшін әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын пайдалануға беру бойынша декларацияны орындаудың бірыңғай алгоритмі жоқ, нормативтік актілер - стандарттар, қағидалар және т.б. қалыптаспаған. Сонымен қатар, бұл функцияны мемлекеттік қызметтер тізіліміне қосу үшін барлық белгілер бар, себебі ол:

  • жеке тәртіппен жүзеге асырылады;
  • қызмет алушының өтініші бойынша жүзеге асырылады;
  • жергілікті атқарушы органның функцияларын іске асыруға бағытталған.

Ұсыным: Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қызметті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы көрсете отырып, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын пайдалануға беру қағидаларын әзірлеу және оны мемлекеттік қызметтер тізіліміне қосу туралы хат жолдау бастамасын көтеру.

 

  1. Мемлекеттік қызметтер көрсету бағыты бойынша.

Индикатор: мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде пайдаланылатын ақпараттық жүйелердің тиісінше жұмыс істемеуі, бұл белгіленген тәртіптің бұзылуына әкеп соғады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» қаулысына (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) сәйкес азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін негіздер айқындалған.

Үлгілік қағидалардың 8-тармағына сәйкес, табиғи апат немесе өрт салдарынан мүлікке зиян келтірілген кезде әлеуметтік көмек оның меншік иесінің тіркелген жеріне қарамастан, зардап шеккен мүліктің орналасқан жері бойынша көрсетілетіні қарастырылған.

Сонымен қатар, құқық қолдану практикасын талдау барысында «Е-Собес» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің функционалы тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктен тыс жерде тіркелген азаматтардың өтініштерін қабылдау және тіркеу мүмкіндігін қарастырмайтыны анықталды. Атап айтқанда, «Е-Собес» ақпараттық жүйесінің функционалы өтініштерді тек өтініш берушінің тіркелген жері бойынша қабылдауды және тіркеуді қарастырады, бұл зардап шеккен мүліктің орналасқан жері бойынша жүгіну мүмкіндігін шектейді.

Осылайша, егер өтініш беруші басқа өңірде тіркелген болса, жүйе мүліктің орналасқан жері бойынша өтінішті қабылдауға және тіркеуге мүмкіндік бермейді. Аталған мән-жай Үлгілік қағидалардың нормалары мен олардың іс жүзіндегі цифрлық іске асырылуы арасындағы қайшылықтың бар екенін айғақтайды, бұл Үлгілік қағидалардың 8-тармағын тиісінше қолданудың мүмкін еместігіне әкеп соғады.

Бұдан бөлек, қолданыстағы құқықтық реттеу «Е-Собес» ақпараттық жүйесінің функционалынан тыс өтініштерді беру мен тіркеудің баламалы рәсімдерін қарастырмайды, бұл қарастырылып отырған жағдайларда азаматтардың әлеуметтік көмек алу құқығын іске асыру механизмі бөлігінде құқықтық белгісіздіктің туындауына себеп болады.

Қалыптасқан жағдай келесідей сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің туындауына алғышарттар жасайды: - лауазымды тұлғалардың өтінішті қабылдау немесе қабылдаудан бас тарту мәселесін шешу кезінде ерікті тәсіл қолдануына жағдай жасайды; - жағдайды белгіленген рәсімнен тыс (ақпараттық жүйені айналып өту арқылы) бейресми шешу мүмкіндігіне жол береді.

Сонымен қатар, жүйе функционалының шектелуі іс жүзінде нормативтік құқықтық актімен белгіленген азаматтардың әлеуметтік көмекке тең қолжетімділік принципінің бұзылуына әкеп соғады. Осылайша, нормативтік реттеу мен цифрлық іске асыру арасындағы анықталған қайшылық әлеуметтік көмек көрсету кезінде сыбайлас жемқорлық көріністеріне алғышарттар жасайтын құқықтық және рәсімдік белгісіздіктің бар екенін көрсетеді.

Ұсыным: Әлеуметтік көмектің атаулылығын арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» қаулысына өзгеріс енгізу туралы ресми хат жолдау ұсынылады. Аталған өтініш аясында Үлгілік қағидалардың 8-тармағы 10-абзацының редакциясын нақтылау мүмкіндігін қарастырып, оны келесі редакцияда мазмұндау ұсынылсын: «Табиғи апат немесе өрт салдарынан мүлікке зиян келтірілген кездегі әлеуметтік көмек, егер зақымдалған (жойылған) мүлік өтініш беруші үшін оған меншік құқығымен тиесілі жалғыз тұрғын үй болып табылатын жағдайда, зардап шеккен мүліктің орналасқан жері бойынша көрсетіледі».

 

 

  1. Артық әкімшілік кедергілердің болуы.

Индикатор: бір жер телімінің одан арғы құқықтық мәртебесін анықтау үшін (ол мәжбүрлеп алынғаннан кейін) сол мәселе бойынша міндетті түрде қайтадан сот талқылауының болуы (индикатор әдістемеде қарастырылмаған).

Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 94-бабының 3-5-тармақтарына сәйкес, сот шешімі бойынша (Кодекстің 92 және 93-баптарында қарастырылған негіздер бойынша) меншік иесінен немесе жер пайдаланушыдан жер телімін мәжбүрлеп алған жағдайда, телімге меншік құқығы немесе жер пайдалану құқығы азаматтық іс жүргізу заңнамасында және атқарушылық іс жүргізу туралы заңнамада белгіленген тәртіппен сауда-саттықта (аукциондарда) сатылуға жатады.

Бұрын өтеусіз негізде берілген жер телімін мәжбүрлеп алған жағдайда, мұндай телім сот шешімі бойынша меншік иесіне өтемақы төленбестен арнайы жер қорына есепке алынады.

Егер жер телімін немесе оны пайдалану құқығын сату бір жыл ішінде кемінде үш сауда-саттық (аукцион) өткізілгеннен кейін мүмкін болмаса:

  • ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімі сот шешімі бойынша арнайы жер қорына есепке алынады;
  • елді мекен жерлерінің құрамындағы жер телімі сот шешімі бойынша қала құрылысы қызметіне тартылмаған, аумақтық дамуға және жеке қосалқы шаруашылық жүргізуге арналған жерлер санатына есепке алынады.

Осылайша, қолданыстағы норма жергілікті атқарушы органдар мен сот органдарына қосымша процестік жүктеме жүктейді, өйткені бір жер телімі бірнеше рет сот талқылауының нысанына айналады: алдымен оны алып қою кезінде, содан кейін оның одан арғы мәртебесі туралы мәселені шешу кезінде (жер телімінің иесі сотқа екі рет қатысады). Бұл алынған жер телімдерін шаруашылық айналымға тарту мерзімдерінің ұзаруына әкеп соғады.

Демек, алынған жер телімдерін арнайы жер қорына немесе қала құрылысы қызметіне тартылмаған жерлер құрамына есепке алу үшін қайтадан сот шешімін талап ету артық кедергі болып табылады.

Ұсынымдар: Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне Жер кодексіне сот шешімі бойынша жер телімдерін арнайы жер қорының құрамына және қала құрылысы қызметіне тартылмаған жерлер құрамына есепке алу туралы талаптарды алып тастау бөлігінде өзгерістер енгізу туралы хат жолдау бастамасын көтеру. Жер телімдерін арнайы жер қорының құрамына және қала құрылысы қызметіне тартылмаған жерлер құрамына есепке алуды жергілікті атқарушы органның тиісті қаулысы негізінде жүзеге асыру ұсынылады.

 

  1. Өзіне тиесілі құқықты іске асыру үшін тұлғаға қойылатын жоғары талаптар.

Индикатор: субъективті құқықтар мен бостандықтарды іске асыру кезінде жеке және заңды тұлғаларға заңмен негізделмеген қосымша міндеттер жүктеу.

Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 82-бабына сәйкес, меншік иесі өзіне тиесілі жер теліміне меншік құқығынан бас тарта алады, бұл туралы жариялайды немесе осы құқықты сақтау ниетісіз өзіне тиесілі жер теліміне құқықтарынан шеттетілгенін нақты айғақтайтын басқа да әрекеттер жасайды. Меншік иесі жер теліміне меншік құқығынан бас тартқан жағдайда, бұл жер телімі Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 242-бабына сәйкес иесіз жылжымайтын зат ретінде есепке алынады. Жер теліміне жеке меншік құқығынан өз еркімен бас тартқан кезде, жер телімін иесіз жылжымайтын зат ретінде есепке алу үшін негіз болып жер телімі иесінің нотариалды куәландырылған жазбаша өтініші табылады.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 242-бабына сәйкес, егер меншік иесі бұл туралы жариялау арқылы меншік құқығынан бас тартса, жергілікті атқарушы орган бұл затты бас тартқаны туралы жарияланған сәттен бастап коммуналдық меншікке өткен деп тану туралы талаппен сотқа жүгінеді.

Жер телімі иесінің жеке меншік құқығынан бас тарту туралы нотариалды куәландырылған жазбаша өтініші болған жағдайда, жергілікті атқарушы орган жер телімін коммуналдық меншікке өткен деп тану үшін сотқа жүгінеді.

Осылайша, қолданыстағы құқықтық реттеу меншік иесінің еркі анық, ерікті және нотариалды куәландырылған жағдайларда да міндетті сот рәсімін қарастырады.

Бұл келесідей мәселелерді тудырады:

Біріншіден, артық рәсімдік жүктеме туындайды. Меншік иесінің еркін заңды түрде маңызды және сенімді растайтын нотариалды куәландырылған өтініштің болуына қарамастан, меншік құқығын тоқтату қосымша сот актісінсіз мүмкін емес. Бұл заңды рәсімдерді қайталайды және құқықтық айқындықты арттырмайды.

Екіншіден, меншік құқығын тоқтату мерзімдерінің созылуы орын алады. Сот талқылауы рәсімі уақытты қажет етеді (талап арызды дайындау және беру, істі қарау, шешімнің заңды күшіне енуі), бұл жер телімін шаруашылық айналымға жедел тартуға кедергі келтіреді.

Үшіншіден, меншік иесі үшін қосымша ауыртпалықтар жасалады. Өз еркімен бас тартқанына қарамастан, тұлға іс жүзінде сот процесіне (іске қатысушы ретінде) тартылады, бұл уақытша және мүмкін қаржылық шығындарды талап етеді (кейбір жағдайларда мемлекеттік баж салығы өндірілген).

Төртіншіден, жергілікті атқарушы органдар мен сот жүйесіне жүктеме артады, өйткені мұндай әрбір іс даудың немесе белгісіздіктің болуына қарамастан сот тәртібімен қаралуға жатады.

Бесіншіден, даулы және даусыз жағдайлар арасында саралау жоқ. Қандай да бір келіспеушіліктер немесе құқықтары қозғалуы мүмкін үшінші тұлғалар болмаған жағдайда да бірдей күрделі сот рәсімі қолданылады.

Ұсынымдар: Жер телімі иесінің жеке меншік құқығынан бас тарту туралы нотариалды куәландырылған жазбаша өтініші болған кезде жергілікті атқарушы органның жер телімін коммуналдық меншікке өткен деп тану үшін сотқа жүгінуі туралы талаптарды алып тастау бөлігінде Жер және Азаматтық кодекстерге өзгерістер енгізу туралы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне хат жолдау бастамасын көтеру.

 

  1. Құқықтық актілер ережелері мен ішкі құжаттар арасындағы қайшылық (коллизия).

Индикатор: басым норманы таңдау жауапкершілігі талдау объектісінің лауазымды тұлғасына жүктеледі.

Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 102-бабының 3-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтарына бағбандық, саяжай құрылысы және бақша шаруашылығын жүргізу үшін жер телімдері ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерден, ауылдық елді мекендердің жерлерінен және босалқы жерлерден беріледі.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті аудандық маңызы бар қала шегінде бағбандық және саяжай құрылысын жүргізу үшін жер телімдерін жаңадан беру жүзеге асырылмайтынын түсіндірді.

Сонымен қатар, Алтай қаласының шегінде саяжай массивтері 1980-жылдары қалыптасқанын, ал жер телімдерін жаппай қайта ресімдеу 1995 жылы болғанын атап өткен жөн. Қазіргі уақытта қала аумағында 1500-ден астам жер телімін қамтитын 10 бағбандық қоғам жұмыс істейді, олардың бір бөлігі әлі күнге дейін белгіленген тәртіппен ресімделмеген. Кейбір бағбандық қоғамдарда жеке меншіктегі саяжай үйлері (құрылыстар) сақталған, жер телімдері бағбандық жүргізу үшін пайдаланылады, ал кейбір бағбандық қоғамдарда жер телімдері қараусыз қалған және пайдаланылмайды.

2025 жылдан бастап 2026 жылдың сәуіріне дейінгі кезеңде қала шегінде орналасқан аталған бағбандық қоғамдардан бағбандық жүргізу үшін жер телімдерін беру туралы азаматтардан 10-ға жуық жаңа өтініш түсті. Бұл өтініштер бойынша уәкілетті органдар Кодекстің 102-бабы 3-тармағының талаптарына сілтеме жасай отырып, бас тарту туралы шешімдер қабылдауда.

Сонымен бірге, Кодекстің 52-бабына сәйкес, ғимараттарға (құрылыстарға, нысандарға) меншік құқығы аталған нысандар орналасқан жер теліміне меншік құқығын тудырады. Бұл құқықтар ажырамас болып табылады.

Осылайша, Қазақстан Республикасы азаматтарының Кодекстің 52-бабының талаптарына сәйкес қолданыстағы құрылыстар астындағы жер телімдерін ресімдеу туралы өтініштерін қарау кезінде оң шешімдер қабылданады, ал бос жер телімдерін беруге өтініш берген кезде бас тартулар шығарылады.

Аталған жағдай азаматтарда заңнама нормаларын қолдануда іріктеушілік бар деген түсінік қалыптастырады, соған байланысты түскен шағымдарда құқық қолдану практикасының екіұштылығы атап өтіледі.

Біздің пікірімізше, Кодекстің 52 және 102-баптарының ережелері арасында құқықтық қайшылық (коллизия) бар. Нәтижесінде, қолданыстағы құрылыстар астындағы жер телімдерін ресімдеу кезінде бұрын осындай негіздер бойынша бас тарту алған азаматтардың негізді өтініштері туындайды.

Ұсынымдар: Біркелкі тәсілді әзірлеу мақсатында Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы бастама көтеру, оның ішінде аудандық маңызы бар қала шегінде бағбандық қоғамдардың тарихи қалыптасқан орналасу жағдайларында (мүмкін бас жоспарға сілтеме жасай отырып) бағбандық жүргізу үшін жер телімдерін беру мүмкіндігін қарастыратын құқықтық механизмді әзірлеу бөлігінде ұсыныс жасау.

 

  1. Өзіне тиесілі құқықты іске асыру үшін тұлғаға қойылатын жоғары талаптар.

Индикатор: азаматтар мен ұйымдарға белгісіз, орындалуы қиын талаптарды белгілеу.

«Табиғи монополиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 35-1) тармақшасына сәйкес, уәкілетті орган жергілікті атқарушы органдарға немесе мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органға табиғи монополиялар субъектілері реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсыну кезінде технологиялық циклде пайдаланылатын мүлікті теңгерімге және (немесе) сенімгерлік басқаруға беру жоспарын келіседі (осы Заңның 5-бабы 1-тармағының 10), 12) және 13) тармақшаларында көзделген қызметтерді көрсететін субъектілерді қоспағанда).

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 13 тамыздағы № 73 бұйрығымен бекітілген Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін жүзеге асыру қағидаларының 462-тармағына сәйкес, мүлікті беру жоспарында, соның ішінде берілетін мүлікке құқық белгілейтін құжаттар (техникалық төлқұжат, меншік құқығы туралы анықтама), сондай-ақ сәйкестендіру құжаттары, соның ішінде жер теліміне акт болуы тиіс.

Осындай талап Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 маусымдағы № 616 қаулысымен бекітілген «Мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне беру қағидаларында» да көзделген, онда жер пайдалану құқығына актінің болуы талап етіледі.

«Алтай ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ (бұдан әрі – Бөлім) теңгерімінде сот шешімімен иесіз мүлік деп танылған және коммуналдық меншікке қабылданған кабельдік және әуе электр беру желілері, сондай-ақ трансформаторлық қосалқы станциялар бар. Аталған мүлік Бөлім теңгерімінен «Біріккен ЭнергоСервистік Компаниясы» Акционерлік қоғамының (бұдан әрі – БЭСК) теңгеріміне немесе сенімгерлік басқаруына берілуге жатады.

Сонымен қатар, электр желілерінің едәуір бөлігі кеңестік кезеңде салынған және қалыптасқан қалалық құрылыс шегінде – көппәтерлі тұрғын үйлердің, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының (мектептер, балабақшалар) аумақтарында, сондай-ақ басқа да ортақ пайдаланудағы жер телімдерінде орналасқан. Осыған байланысты, аталған нысандардың астындағы жер телімдеріне құқық белгілейтін құжаттарды ресімдеу не мүмкін емес, не экономикалық тиімділікке сәйкес келмейтін қомақты уақыт пен қаржылық шығындарды талап етеді.

Атап айтқанда, Алтай қаласындағы Комаров көшесі, № 8 үй ауданында (№ 9 мектептің жанында) орналасқан кабельдік желі білім беру мекемесіне тұрақты жер пайдалану құқығымен берілген жер телімі арқылы өтеді. Осы желінің астындағы жер телімін ресімдеу үшін жерді қайта бөлу және телім шекараларын тиісінше өзгерту қажет, бұл қосымша бюджеттік шығыстарға әкеліп соғады.

Осылайша, жер телімдеріне ресімделген құқықтардың болмауы электр желілерін аудан әкімдігінің теңгерімінен БЭСК теңгеріміне немесе сенімгерлік басқаруына беруге кедергі келтіреді. Бұл ретте іс жүзінде аталған желілерді БЭСК пайдаланады, ол оларға ішінара қызмет көрсетеді және қаржыландыру алады, соның ішінде жергілікті бюджет қаражаты есебінен (2025 жылы аталған мақсаттарға 65 млн теңге бөлінген).

Жер заңнамасының талаптарын ескере отырып, электр желісі шаруашылығы нысандарының астындағы жер телімдеріне құқықтарды ресімдеу келесі себептерге байланысты қиындаған: - қолданыстағы жер пайдаланушылардың құқықтарына нұқсан келтірмей, жерасты кабельдік желілері үшін дербес жер телімдерін бөлудің мүмкін еместігі; - желілер трассаларының бұрыннан қалыптасқан және тіркелген жер телімдері арқылы өтуі; - жерді пайдаланудың желілік және қиылысатын сипаты.

Жоғарыда айтылғандарға байланысты БЭСК жер телімдеріне ресімделген құқықтардың болмауына байланысты аталған электр желілерін теңгерімге немесе сенімгерлік басқаруға алудан негізді түрде бас тартады, бұл құқықтық вакуумның қалыптасуына әкеледі және нысандарды тиісінше пайдалану мен күтіп ұстауға кедергі келтіреді.

Қалыптасқан жағдай электр желілерінің тиістілігі мәселесінде құқықтық белгісіздіктің бар екенін көрсетеді және мемлекеттік мүлікті есепке алу мен берудің ашық механизмінің болмауынан, оны күтіп ұстау мен пайдалану үшін жауапкершіліктің реттелмеуінен, сондай-ақ бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану мен мүлікті тиісті құқықтық ресімдеусіз іс жүзінде пайдалану үшін жағдай жасалуынан көрінетін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудырады.

Ұсынымдар: Ерекше жағдайларда, жер телімін ресімдеу мүмкіндігі болмаған кезде, сервитут белгілеу туралы құжатты пайдалану мүмкіндігін қарастыратын қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар дайындауға бастамашылық ету.

 

 

Ұйымдастыру жұмысы бөлімінің басшысы

Г. Касенова

Персоналды басқару қызметінің басшысы

М. Досымжанқызы

Заң бөлімінің басшысы

Д. Козлов

Цифрландыру, ақпараттық технологиялар және мемлекеттік қызметтер мониторингілеу бөлімінің басшысы

А. Нуркасынова

Қаржы-шаруашылық қызметі бөлімінің басшысы

Н. Новохатская

Құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы

М. Советбекова

 

Дата публикации
04 мая 2026