
ҚР «Ветеринария туралы» Заңына сәйкес мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілерінің бірі мал қорымдары болып табылады.
Мал қорымы (биотермиялық шұңқыр) – эпизоотиядан өлген немесе оның таралуының алдын алу тәртібімен сойылған ауыл шаруашылығы және үй жануарларының өлекселерін ұзақ мерзімді көмуге арналған орын. Сібір жарасы бар көмінді орындары ерекше күзетіледі және есепке алынады.
Санитарлық ережелердің негізінде мал қорымдары мен сібір жарасының көмінділері қауіптіліктің I класына жатады, олардың айналасында 1000 м және одан жоғары санитарлық-қорғау аймағы белгіленеді.
Сібір жарасы топырақ ошақтарының санитарлық-қорғау аймағында сібір жарасы көмінділерінің топырағын қазуға және жылжытуға, су басуға байланысты агромелиорациялық, іздестіру, гидромелиорациялық, құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін жер учаскелерін бөлуге, сондай-ақ жер учаскелерін жеке меншікке жалға беруге, сатуға, бақтарға, көкөніс бақтарына немесе жер пайдалануға бөлуге жол берілмейді.
Облыс бойынша барлығы 157 мал қорымы бар, оның ішінде 41 – типтік, 116 – қарабайыр. 119 мал қорымы облыстың жергілікті атқарушы органы құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдардың балансында, 34 – аудандар (ауылдық округтер) әкімдіктерінің балансында, 4 - жеке меншік иелері болып табылады. Сондай-ақ, 101 сібір жарасының көміндісін ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкестендіру үшін 2024 жылға арналған облыстық бюджеттен қаржы бөлінді.
Көмінді аймағында сібір жарасы вирусының спораларын тексеру үшін жыл сайын топырақ зерттеулері жүргізіледі және ол теріс нәтиже көрсетеді.
Мал қорымдарын тиісті жағдайда ұстау өңірдің эпизоотиялық салауаттылығын қамтамасыз етудің құрамдас бөліктерінің бірі болып табылады.