Ағымдағы жылдың 4 наурызында облыс әкімі Ермек Беделбайұлы Көшербаевтың басшылығымен әкімдік отырысы өтті.
Кеңестің күн тәртібінде "Облыста көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы туралы" мәселе талқыланды. Осы мәселе бойынша ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ажар Елемесқызы Каджибекова сөз сөйледі.
Ағымдағы жылы егіс алқаптарын әртараптандыру бағдарламасы шеңберінде ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 645 мың гектарды құрайды, бұл өткен жылғы деңгейден 7 мың гектарға артық.
Облыс шаруашылықтарында көктемгі егіс жұмыстарының басталуына тракторлардың, егіс және топырақ өңдеу техникаларының қажетті саны бар.
2024 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге облыстың шаруа қожалықтары 7,1 мың тонна дизель отынына өтінім берді.
Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемін 2024 - 2028 жылдарға 2 есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау жөніндегі Жол картасына сәйкес ағымдағы жылы 46,8 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алу қажет.
Көктемгі егіс жұмыстарын табысты жүргізу үшін 2024 жылы облыстық бюджеттен 4,1 млрд. теңге субсидия қарастырылған.
Сондай-ақ, көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ ШҚФ арқылы несиелеуге 2,5 млрд. теңгеден астам, "ҚазАгроҚаржы" АҚ ШҚФ техника/жабдық лизингіне шамамен 4 млрд. теңге қаражат бөлінді. Барлық кредиттік қаражат пайыздық мөлшерлемені субсидиялауды ескере отырып, жылдық 6% - бен беріледі.
Отырыс қорытындысы бойынша облыс әкімі көктемгі егіс жұмыстарын сапалы және уақтылы жүргізу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауды, оның ішінде пестицидтер мен минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға қосымша қаражат бөлу мәселесін қарауды, ағымдағы жылға егіс алқаптарын әртараптандыру, ылғал үнемдейтін технологияларды енгізу, ауыл шаруашылығы дақылдарының элиталық тұқымдарын пайдалану, минералды тыңайтқыштар енгізу және машина-трактор паркін жаңарту жөніндегі жоспарды орындауды тапсырды.