Шығыс Қазақстан облысындағы бал арасы шаруашылығының дамуы ( «Пасека» ШҚ үлгісінде)

Шығыс Қазақстан облысындағы бал арасы шаруашылығының дамуы ( «Пасека» ШҚ үлгісінде)

2010 жылдан бастап облыстың және оның өңірлерінің атқарушы органдарының барлық деңгейлерінде омарта шаруашылығы өз дамуында жаңа қосымша серпін алды.

Бұл саланың дамуын жаңа белестерге шығару үшін пәрменді іс-шаралар қабылданды.

Олар:

- бар араларының санын көбейту;

- асыл тұқымды омарта шаруашылықтарын құру;

- ірі өнеркәсіптік омарташылардың санын ұлғайту және өнім өндіру мен өңдеудің жаңа өнеркәсіптік технологияларын енгізу;

- омарташылар саласының мамандарын даярлау;

- бал арасы шаруашылықтарын субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдауды жетілдіру.

Ара шаруашылығын дамыту бойынша атқарылған жұмыстар қабылданған шаралардың дұрыстығын растады.

Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы колледжінің базасында «Омарташы» мамандығын оқыту басталып, онда 2022 жылы 14 адам омарташы маманын меңгеріп шықты.

Өскемен қаласында ара шаруашылығын одан әрі дамыту мақсатында соңғы 10 жыл бойы дәстүрлі түрде бал жәрмеңкелері өткізіліп келеді, олардың жұмысына облыстың бизнес топтарының өкілдері мен Қазақстанның омарташылары қатысуда.

Айта кету керек, осы жылдың 30 тамызы күні Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай, Өскемен қаласының орталық алаңында дәстүрлі «Бал жәрмеңкесін» өткізу жоспарланып отыр. Аталған іс шараға облысымыздың барлық өңірлеріндегі  омарта шаруашылықтарының өнімдері сатылуға қойылатын болады.

Ара өсірушілерге селекциялық-асылдандыру жұмыстарын жүргізу бойынша әдістемелік және консультациялық көмек көрсету мақсатында Қазақстанда 2016 жылдан бастап асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы субъект болып табылатын республикалық омарта шаруашылығының Палатасы құрылды.

«Шығыс Қазақстан ауылшаруашылық тәжірибе станциясы» ЖШС-дегі ара шаруашылығы бөлімі асыл тұқымды ара шаруашылықтарымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстарды жүргізуде.

Шығыс Қазақстан облысының ара шаруашылығы саласында жүргізіліп жатқан селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстар ғылыми тұрғыдан республикада жетекші орын алады.

ШҚО статистика департаментінің 2023 жылғы 1 қаңтардағы мәліметі бойынша, облыс шаруашылықтарының барлық санаттарындағы бал арасы ұясының саны 90,9 мыңнан асты немесе 2022 жылмен салыстырғанда 1,5 мың бал арасы ұясына артты. Бал арасы ұясының көпшілігі Катонқарағай ауданында шоғырланған,  мұнда 26,2 мың аралар ұясы немесе облыстағы барлық ара ұясына шаққанда үлес салмағы 29%-ды құрады,

- Алтай ауданында 19,1 мың немесе 21%,

- Глубокое ауданында 19,2 мың немесе 21,1%,

- Өскемен қаласында 6,8 мың немесе 7,5%,

- Ұлан ауданында 5,5 мыңнан астам немесе 6,0%.

2022 жылы республикалық Ара шаруашылығы палатасында 16,9 мың ара ұяларының асыл тұқымды ара ұялары тіркелген, асыл тұқымдық үлес салмағы 18,6% құрайды.

Бұл ретте, асыл тұқымды ара шаруашылығымен айналысатын шаруашылық субъектілерінің саны 31-ден 38 бірлікке дейін өсті.

Облысың өңірлерінде орта орыс (9,4 мың), краин (1,2 мың) және карпат (6,3 мың) араларының асыл тұқымды бал аралары өсіріледі.

Табиғи бал-Шығыс Қазақстанның бренді болып табылады.

Бірнеше жылдан бері облыс көлемінде бал өндірісінің деңгейі тұрақты түрде сақталып келеді, бүгінгі күні шамамен 2 000 тоннаны құрайды.

Ара шаруашылығының одан әрі дамуы жүзеге асырылған шаралардың яғни, мемлекеттік қолдаудың арқасында мүмкін болды:

- 2020 жылы 97,1 млн. теңге жергілікті бюджет қаражаты бөлініп 19,4 мың асыл тұқымды бал аралары ұялары субсидияланды, 2021 жылы 74,3 млн. теңге қаражатқа 14,8 мыңнан астам асыл тұқымды бал ара ұялары ал, 2022 жылы 44,2 млн.теңге қаражатқа 8,8 мың бал араларының ұялары субсидияланды.

Ағымдағы жылы «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау» қағидалары аясында ара шаруашылықтарында селекциялық және асыл тұқымдық жұмысты жүргізуді субсидиялау бағыты бойынша жергілікті бюджет қаражаты есебінен 65,6 млн.теңге субсидиялау көзделген.

Жалпы, Қазақстан Республикасы бойынша 2021 жылы 83 мың 547 кг ара балы экспортталған, бұл өнімнің жалпы кедендік құны 32,6 млн теңгені құрады. Экспорттың жалпы көлемінің 82% немесе 68,5 тоннасы Өзбекстанға жөнелтілді. Сондай-ақ, қазақстандық бал Моңғолияға, Қытайға, Сингапурға және Жапонияға экспортталған, барлық ара балы экспортының 94% - ы төрт қазақстандық экспорттаушыға тиесілі, олардың ішінде Шығыс Қазақстан облысынан «Пасека» шаруа қожалығы болды.

2021 жылы «Пасека» ШҚ экспорт көлемі бойынша Қазақстандағы Бал экспорттаушылардың төрттігіне кірді, 62 800 кг бал немесе барлық қазақстандық экспорттың 85%-ын, оның 1,5 - і Араб Әмірліктеріне, 60,0 - і ҚХР – ға, 1,3 тонна балды Кипр мемлекетіне экспорттады.

«Пасека» ШҚ базасында: ара шаруашылығы өнімдерін буып-түюге және сақтауға арналған өндірістік цех, балды блистерлік қаптамаға буып-түю бойынша автоматты желісі және балауызды өндіру және қайта өңдеу цехы қондырылған. 2022 жылы облыс бойынша бал экспорттау 6,3 тоннаны құрады.

Елімізде ара шаруашылығының органикалық өнімін өндіруге арналған техникалық құжаттама әзірленді. Бұған дейін Ресейдің және Қырғызстанның сарапшыларын тарта отырып, омарташыларды жаппай оқыту ұйымдастырылған болатын.

Қытайдың мемлекеттік карантиндік инспекциясы Шығыс Қазақстанның омарталарына үш рет инспекциялау жүргізіп, Ара шаруашылығының органикалық өнімінің талаптарына сәйкес келетін шаруашылықтарды іріктеді. 2019 жылдың күзінде «Шығыс Қазақстан ауылшаруашылық тәжірибе станциясы» ЖШС базасында, «Пасека» шаруа қожалығы Қытайдың карантиндік инспекциясынан "Эко мед" ара өнімдерінің сертификатын жеңіп алды.