GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Байланыс ақпарат
Құжаттар
Комитет туралы
Қызметі
Баспасөз орталығы
Онлайн қабылдау
Все материалы
Ветеринарлық қауіпсіздік
08 октября 2026
Қазақстанда үш жыл ішінде төрт аудандық ветеринариялық зертхана пайдалануға берілді

Қазақстанда аудандық ветеринариялық зертханалар желісі жүйелі дамып келеді. Соңғы үш жылда төрт нысан пайдалануға берілді. Олардың қатарында Қарағанды облысында жаңадан ашылған аудандық ветеринариялық зертхана да бар.

Қарқаралы ауданында «Республикалық ветеринариялық зертхана» мекемесінің аудандық ветеринариялық зертханасының жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Мұнда жылына 800 мыңға дейін зерттеу жүргізуге болады.

Жаңа зертхана ветеринариялық зерттеулердің кең ауқымын жүргізуге арналған заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған. Бұл диагностиканың жеделдігі мен сапасын арттыруға, зерттеудің қосымша әдістерін енгізуге, сондай-ақ ветеринариялық-санитариялық сараптама бағытын дамытуға жол ашады.

Сондай-ақ, жануарлардың жұқпалы ауруларының алдын алуға және оларды ерте анықтау жұмыстарын күшейтуге, қажетті зерттеулерді жедел жүргізуге және ветеринариялық-санитариялық шараларды уақтылы қабылдауға мүмкіндік зор. Заманауи зертханалық база жануарлардан алынатын өнімдердің қауіпсіздігін бақылауды да кеңейтеді.

Ветеринариялық зертханалық инфрақұрылымды дамыту – ветеринариялық қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Ветеринарияны дамытудың кешенді жоспары аясында зертханаларды жаңғыртуға, диагностиканың сапасын арттыруға және ветеринариялық бақылау жолдарын арттыруға бағытталған шаралар қабылдануда.

2024 жылы Павлодар облысындағы Екібастұз және Абай облысындағы Абай аудандық ветеринариялық зертханалары іске қосылды. Биыл Ақтөбе облысындағы Байғанин аудандық ветеринариялық зертханасы жұмысы жолға қойылады. Қарқаралы ауданындағы нысанмен қосқанда соңғы үш жылда іске қосылған жаңа аудандық ветеринариялық зертханалардың жалпы саны төртке жетті.

Зертханалар желісін кеңейту жұмыстары жалғасуда. Аудандық ветеринариялық инфрақұрылымды дамыту мақсатында 2026–2027 жылдары Алматы облысындағы Нарынқол, Шығыс Қазақстан облысындағы Катонқарағай, сондай-ақ Абай облысындағы Ақсуат аудандық ветеринариялық зертханаларын іске қосу жоспарлануда.

Осының барлығы ветеринариялық қызметтің диагностикалық базасын нығайтумен қатар, зерттеулердің өңірлерде тікелей қолжетімділігін арттырады.

Е-АӨК (АӨК цифрландыру)
06 октября 2026
Егістік даласынан фермаға дейін: Digital Qazaqstan аясында АӨК-тің негізгі бағыттары цифрландырылуда 

Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан Digital Qazaqstan 2026 стратегиясы аясында агроөнеркәсіп кешенінде цифрландырудың алты бағыты жүзеге асырылуда. Аталған бағыттар негізінде Digital Agro бірыңғай платформасын құру көзделген. Бұл туралы Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.

Негізгі бағыттар мен жүзеге асыру нәтижелері:

Мемлекеттік қолдау: ақылы жеке аналогтер орнына «Мемлекеттік агро» тегін субсидиялау жүйесі жұмыс істейді. Бүгінде жүйеде 209 мыңнан астам пайдаланушы тіркелген.

Мал шаруашылығын есепке алу: малдың толық өмірлік циклі мен ветеринариялық іс-шараларды қадағалау АЖС, РЖС ақпараттық жүйелері және «Төрт түлік» мобильді қосымшасы арқылы қамтамасыз етіледі.

Өсімдік шаруашылығы: егіс жұмыстарын цифрлық жоспарлау, өнім партияларын есепке алу және өндірушіден элеваторға дейін ғарыштық мониторинг жүргізуге арналған Өсімдік шаруашылығындағы қадағалау ақпараттық жүйесі қалыптастырылуда.

Жер ресурстары: цифрлық карта 100%-ға қалыптастырылды. Агрохимиялық, геоботаникалық және топырақ зерттеулерін 2029 жылға қарай толық қамту жоспарланып отыр. Жерді ұтымды пайдалануға мониторинг жасау «ЖерИнСпектр» жүйесі арқылы жүргізіледі.

«Смарт-ферма»: цифрлық технологияларды 650-ден астам кәсіпорын қолданады. Оның ішінде 200 смарт-шаруашылық бар, соның ішінде 112 сүт фермасы және автоматтандырылған бақылау жүйелерімен жабдықталған 30-дан астам бордақылау алаңы жұмыс істейді.

Бірыңғай платформа: цифрлық талдау жүргізу және басқарушылық шешімдерді жедел қабылдау үшін «Смарт Дата Агро» деректер жиынтығы қалыптастырылуда.

Ветеринарлық қауіпсіздік
02 октября 2026
ТМД Ветеринария саласындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық кеңесінің 49-отырысы Қазақстанда өтеді

ТМД Ветеринария саласындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық кеңесінің 49-отырысы 2027 жылдың екінші жартысында Қазақстанда офлайн форматта өтеді. Бұндай шешім Минск қаласында өткен Кеңестің 48-отырысының қорытындысы нәтижесінде қабылданды.

Отырысқа ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ветеринариялық қызмет басшылары мен салалық ведомстволарының өкілдері, Еуразиялық экономикалық комиссияның, Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының (WOAH) және ТМД Атқару комитетінің өкілдері қатысты.

Кездесу барысында жануарлар арасында ауру таралмауы үшін қолайлы эпизоотиялық ахуалды сақтау, жануарлардың жұқпалы аурулары туралы ақпаратпен жедел алмасу, сондай-ақ аса қауіпті аурулардың алдын алу бойынша бірлескен шараларды іске асыру мәселелері талқыланды. Бұдан бөлек, биологиялық материалдар алмасу және ветеринария мамандарының біліктілігін арттыру мәселелері қаралды.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Қазбек Тәшімов Қазақстандағы ветеринария саласын дамытудың негізгі бағыттарына тоқталып, оның ішінде саланы кең ауқымды цифрландыру және инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарына тоқталды.

«Қазақстан үшін эпизоотиялық ахуалдың тұрақтылығы мен ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – стратегиялық маңызы бар басым бағыттардың бірі. Қазіргі таңда Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы трансшекаралық сипаттағы елеулі қауіп төндіретін 86 аса қауіпті ауруды айқындаған. Қазақстанның ұлттық тізіміне жануарлар мен құстардың 68 аса қауіпті ауруы енгізілген. Оның 45 түрі бойынша елімізде эпизоотиялық ахуал қолайлы деңгейде сақталып отыр», – деді ол.

Биыл ветеринариялық қызметті дамытуға және ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 147,8 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат жануарларды вакцинациялау мен диагностикалауға, ауру ошақтарын жоюға, жануарларды бірдейлендіруге, сондай-ақ ветеринариялық инфрақұрылымды дамытуға бағытталады.

Сонымен қатар 2026–2030 жылдарға арналған Ветеринария саласын дамытудың кешенді жоспары бекітілді. Оған 322,4 млн АҚШ доллары көлемінде қаражат көзделген. Жоспар ветеринариялық зертханалардың материалдық-техникалық базасын нығайту, саланы цифрландыру, ветеринариялық фармацевтиканы дамыту, кадрлық әлеуетті күшейту және отандық өнімнің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейту сияқты сегіз негізгі бағытты қамтиды.

Отырыс соңында тараптар ветеринария саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің заңнамасын өзара үйлестірудің негізгі бағыттарын айқындады.
Ветеринария саласындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық кеңестің келесі, 49-отырысы 2027 жылдың екінші жартысында Қазақстанда офлайн форматта өтеді.

Қазақстанның АӨК-сі
Халықаралық ынтымақтастық және инвестициялар тарту
30 сентября 2026
Қазақстан мен Германия аграрлық ынтымақтастық аясында ниет туралы декларацияға қол қойды

Мемлекет басшысының Германия Федеративтік Республикасына ресми сапары аясында Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Германия Федеративтік Республикасының Ауыл шаруашылығы, азық-түлік және өңірлік бірегейлік жөніндегі федералдық министрлігінің Мемлекеттік статс-хатшысы Маркус Шикпен кездесті.

«Біз Германиямен арадағы әріптестікті жоғары бағалаймыз. Ауыл шаруашылығы саласында ынтымақтастық Қазақстан үшін айрықша маңызға ие әрі нақты нәтижелерге бағытталған. Қазіргі таңда өзара сауда көлемін ұлғайтуға, инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге және еліміздің агроөнеркәсіптік кешеніне заманауи неміс технологияларын енгізуге мүмкіндік зор», – деді Айдарбек Сапаров.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Германия арасындағы агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің тауар айналымы 23%-ға артса, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 38%-ға өскен. Ал 2026 жылдың алғашқы жеті айында тауар айналымы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8,8%-ға ұлғайды.

Тараптар өзара саудада тауарлар түрін кеңейту, инвестициялар тарту, өндірісті жергілікті жерде жолға қою және қосылған құны жоғары жобаларды іске асыру бағытындағы жұмысты жалғастыруға уағдаласты. Сондай-ақ Қазақстан өнімдерін Еуропа нарығына шығаруға, оның ішінде жылқы етін Еуропалық Одақ елдеріне экспорттау мәселесіне ерекше назар аударылды.

Қазақстан мен Германия арасындағы өзара іс-қимылдың маңызды тетіктерінің бірі – 2009 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан Герман-Қазақстан аграрлық-саяси диалогы. Биыл қыркүйек айында алтыншы кезеңі басталды. Бұл кезеңде Қазақстан Германияның сенімді серіктесі ретінде ғана емес, Орталық Азия елдерімен аграрлық саясат саласында тәжірибе және сараптамалық білім алмасуға арналған өңірлік алаң ретінде де қарастырылады.

Ықпалдастық бірнеше негізгі бағыт бойынша дамып келеді. Соның ішінде сүтті мал шаруашылығы саласында әріптестік айрықша нәтижелі болып отыр. 2019 жылдан бері сүт өндірісін тұрақты дамытуға бағытталған бірлескен жоба аясында Германия тарапы қазақстандық кәсіпорындарға консультациялық және сараптамалық қолдау көрсетуде. Осы уақыт ішінде 400-ден астам маман оқытылып, біліктілігін арттырды. Жобаны іске асыру мерзімі 2027 жылға дейін ұзартылды.

Технологиялық және өнеркәсіптік ынтымақтастықтың тағы бір маңызды мысалы – Германияның CLAAS компаниясы Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасы өндірісін жолға қойды. Жоба іске қосылғаннан бері жалпы құны 270 млрд теңгелік 2,1 мыңға жуық техника шығарылды.

Ынтымақтастықтың басым бағыттары қатарында тұқым шаруашылығы мен селекцияны дамыту, органикалық ауыл шаруашылығын ілгерілету, цифрландыру және дәлме-дәл егіншілік технологияларын енгізу, ғылыми зерттеулер жүргізу, сондай-ақ технологиялар трансферін жүзеге асыру бар.

Маркус Шик Қазақстан мен Германияның аграрлық саладағы ынтымақтастығын одан әрі тереңдетудің маңызын атап өтіп, білім, технология және тәжірибе алмасудың тәжірибелік тетіктерін кеңейту қажеттігіне тоқталды.

Кездесу соңында тараптар Ниет туралы декларацияға қол қойды. Құжатта мемлекеттік аграрлық саясат, ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдерінің саудасы, цифрландыру және дәлме-дәл егіншілік, органикалық өндіріс, фитосанитариялық және ветеринариялық қауіпсіздік, сондай-ақ ынтымақтастықтың басқа да бағыттары қамтылған.

Қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру үшін қос тарап кең тәжірибе алмаса отырып, іскерлік және сараптамалық кездесулер өткізуге, ғылыми және білім беру ұйымдары, салалық қауымдастықтар мен бизнес өкілдері арасындағы тікелей байланысты нығайтуға ынталы. Бірлескен ғылыми-зерттеу, инвестициялық және пилоттық жобаларды жүзеге асыруға ерекше мән берілмек.

«Бүгінде Қазақстан мен Германия аграрлық саладағы жекелеген табысты жобалардан өзара іс-қимылдың неғұрлым тығыз әрі кешенді форматына көшіп отыр. Декларацияға қол қою инвестициялар тартуға, технологиялар трансферін жүзеге асыруға және жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға берік негіз қалайды. Жинақталған әлеует пен өзара қызығушылық елдеріміздің ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастығын едәуір кеңейтуге мүмкіндік беретініне сенімдімін. Сонымен қатар туындаған мәселелерді жедел шешу үшін жұмыс тобын құруды ұсынамын», – деді Айдарбек Сапаров.

Сонымен қатар министр German Agribusiness Alliance басқарушы директоры Пэр Бродерзенмен кездесті.
Неміс платформасы Германияның агроөнеркәсіптік және азық-түлік салаларындағы қауымдастықтар мен компаниялардың басын біріктіріп, Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.

Кездесу барысында ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі салаларындағы әріптестікті одан әрі дамыту, Германияның озық тәжірибесін, инновациялары мен заманауи агротехнологияларын енгізу, сондай-ақ бірлескен жобаларды қолдау мәселелері талқыланды.

Ветеринарлық қауіпсіздік
25 сентября 2026
Цифрландырудан эпизоотиялық қауіпсіздікке дейін: Қазақстан Мәскеуде ветеринария саласын реформалауды таныстырды

«Ветеринариялық қауіпсіздік» II халықаралық форумында Қазақстан Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин ветеринария саласын жаңғырту және эпизоотиялық қолайлылықты қамтамасыз ету бойынша Қазақстанның негізгі шараларын таныстырды.

Форумға Ресей Федерациясының Ауыл шаруашылығы министрі Оксана Лут, Түркия, Үндістан, Беларусь делегациялары, Еуразиялық экономикалық комиссияның, ФАО-ның, халықаралық салалық ұйымдар мен бизнес өкілдері қатысты.

Талқылаудың негізгі өзегіне жануарлардың инфекциялық ауруларының трансшекаралық таралуының алдын алу, диагностика мен профилактиканың заманауи әдістері, ветеринариялық жүйелерді дамыту және халықаралық ынтымақтастық мәселелері арқау болды.

«Бірыңғай кеңістіктегі эпизоотиялық қолайлылықты қамтамасыз ету: сын-қатерлер, тәсілдер, шешімдер» атты пленарлық отырыста сөз сөйлеген Аманғали Бердалин ветеринариялық қауіпсіздік тек жануарлардың денсаулығына қатысты мәселе емес, сонымен қатар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің, экономиканың тұрақтылығы мен халықаралық сауданы дамытудың маңызды факторларының бірі екенін атап өтті.

«Бүгінде ветеринариялық қауіпсіздік азық-түлік қауіпсіздігімен, экспорттық әлеуетпен және агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақтылығымен тікелей байланысты. Трансшекаралық биологиялық қауіп-қатерлер мемлекеттік шекараларды мойындамайды, сондықтан олармен күресуде келісілген әрі жүйелі шешімдер қажет», — деді вице-министр.

Қазақстандағы эпизоотиялық ахуал тұрақты. Қазақстан Республикасының аумағы аусылдан ада аумақ ретінде танылған. Бұл жануарлардан алынатын өнімдерді әлемнің 42 еліне экспорттауға жағдай жасайды. Шетел мемлекеттерінің тізілімдеріне 3 886 кәсіпорын енгізілген.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Үкімет 2026–2030 жылдарға арналған ветеринарияны дамытудың кешенді жоспарын бекітті. Құжат жануарлар мен жануарлардан алынатын өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, зертханалық базаны нығайту, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту, кадрлық әлеуетті дамыту, отандық ветеринариялық фармацевтиканы дамыту және мемлекеттік реттеуді жетілдіруді қамтитын сегіз басым бағыттан тұрады.

Реформаның жеке бір бағыты — ветеринариялық жүйені цифрлық трансформациялау. 2026 жылдың соңына дейін ақпараттық жүйелерді дамыту, есепке алуды автоматтандыру және QazTech технологиялық шешімдеріне көшу бойынша негізгі жұмыстарды аяқтау жоспарлануда.

Halyk Bank-пен бірлесіп жануарлар мен жануарлардан алынатын өнімдердің толық қадағалануын қамтамасыз етуге, ветеринариялық бақылаудың ашықтығын арттыруға және бақылаудағы тауарларды тасымалдау кезінде заң бұзушылықтар тәуекелдерін төмендетуге бағытталған цифрландыру жобалары іске асырылуда.

«Эпизоотиялық қолайлылықтың шекарасы жоқ. Трансшекаралық биологиялық қауіп-қатерлерге тиімді қарсы тұру тек ақпаратты жедел алмасу, іс-қимылдарды үйлестіру және ветеринариялық қызметтердің, мемлекеттік органдардың, ғылым мен кәсіби қоғамдастықтың күш-жігерін біріктіру арқылы ғана мүмкін болады», — деп атап өтті Аманғали Бердалин.

Форум барысында қатысушылар мемлекеттік реттеуші органдардың, ғылыми қоғамдастықтың және салалық бірлестіктердің бірлескен жұмысының перспективаларын, нормативтік базаны жетілдіруді, тәуекелге бағдарланған тәсілді енгізуді талқылады. Сонымен қатар тараптар өзара тәжірибе алмаса отырып,  ветеринариялық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындады.

Ветеринарлық қауіпсіздік
25 сентября 2026
«Сырым» постында кебек пен мұздатылған қой етін тасымалдау кезінде заңбұзушылықтар анықталды

«Сырым» ветеринариялық бақылау бекетінде жүк автокөліктерін тексеру барысында бидай кебегі мен мұздатылған қой етін тасымалдау кезінде ветеринариялық-санитариялық талаптардың бұзылғаны анықталды.

Атап айтқанда, Ресей Федерациясының Ульянов облысынан Түркістан облысының Сайрам ауданына 40 тонна бидай кебегі тасымалданған. Өнімде ветеринариялық ілеспе құжаттар, термиялық өңдеу және таңбалау болмаған.

Тағы бір жағдайда Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласынан Тәжікстанның Душанбе қаласына 20 тонна мұздатылған қой еті тасымалданған. Тексеру кезінде аталған өнімді Қазақстан аумағы арқылы транзиттік тасымалдауға қатысты уақытша шектеулердің қолданыста болғаны айқындалды. Бұл шектеулер эпизоотиялық ахуал қолайсыз болған Ресей Федерациясының аумақтарынан өнімді транзиттік өткізуге байланысты енгізілген.

Жүк автокөліктері кері қайтарылды. Жүргізушілерге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 406-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұлдар салынды. Жүк тасымалдаушыларға ЕАЭО-ның ветеринариялық-санитариялық талаптары түсіндірілді.

2026 жылдың басынан бері аталған бекетте 249 заңбұзушылықтың жолы кесілді. 249 жүк автокөлігі кері қайтарылып, 117 тұлғаға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұлдар салынды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі жүк тасымалдаушылар мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларды Қазақстанның және ЕАЭО-ның ветеринариялық-санитариялық талаптарын сақтауға шақырады.

Белгіленген талаптарды сақтау және ветеринариялық ілеспе құжаттарды дұрыс ресімдеу заңбұзушылықтардың алдын алу мен елдің эпизоотиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды шарттары саналады.

Ветеринарлық қауіпсіздік
25 сентября 2026
Орталық Азия елдері «Бірыңғай денсаулық» саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Бішкек қаласында Қазақстан, Қырғыз, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдерінің мемлекеттік органдарының, халықаралық ұйымдарының, ғылыми және сарапшылық қоғамдастығының 150-ден астам өкілін біріктірген «Бірыңғай денсаулық – 2026» өңірлік конференциясы өтті.

Іс-шара Пандемия қорынан және ФАО, ДДҰ, Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы мен ЮНЕП-ті біріктіретін «Бірыңғай денсаулық» төртжақты альянсының қолдауымен ұйымдастырылды.

Конференцияға Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Тасқын Қызайбаев қатысты.

Жиналғандар зооноздық аурулардың алдын алу, пандемияларға және трансшекаралық инфекциялық қауіп-қатерлерге дайындық, сондай-ақ ветеринариялық және эпидемиологиялық қадағалауды жетілдіру мәселелеріне баса назар аударды. Сонымен қатар денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және қоршаған ортаны қорғау салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелері жеке қаралды.

«Бірыңғай денсаулық» жөніндегі Өңірлік үйлестіру кеңесінің 4-отырысы аясында бес елдің өкілдері ұлттық үйлестіру құрылымдарының атқарған жұмыстарының нәтижелерін, өңірлік жоспарды және одан әрі ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады.

Әсіресе, Дүниежүзілік банк пен Орталық Азияның Өңірлік экологиялық орталығы өкілдерінің қатысуымен өңірлік бастамаларды іске асырудың тәжірибелік мәселелеріне баса назар аударылды. Қатысушылар қаржылық басқару, сатып алу рәсімдері, ведомствоаралық үйлестіру және қатысушы елдердің қажеттіліктеріне қатысты мәселелерді қарастырды.

Конференция нәтижесінде ақпарат алмасуды дамыту, ветеринариялық және эпидемиологиялық қадағалауды жетілдіру, сондай-ақ инфекциялық қауіп-қатерлерге дайындық деңгейін арттыру бағыттарындағы жұмыстардың басым бағыттары айқындалды.

19 сентября 2026
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қызметкерлері «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасына қатысты

Ауыл шаруашылығы министрлігінің қызметкерлері республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында ұйымдастырылған сенбілікке қатысты.

Сенбілік барысында қатысушылар қоғамдық орындарды тазалап, абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Көшелер мен аулалар қоқыстан тазартылып, аумақтар ретке келтірілді.

«Таза Қазақстан» акциясының негізгі мақсаты – қоршаған ортаның тазалығын сақтау, экологиялық мәдениетті арттыру және табиғатқа жауапкершілікпен қарау құндылықтарын қалыптастыру.

Ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы уақытта да «Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы экологиялық және абаттандыру іс-шараларына белсенді қатысатын болады.

Ветеринарлық қауіпсіздік
18 сентября 2026
Алматыда сүт шикізатының сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды

Алматыда ветеринариялық саламаттылықты қамтамасыз ету, аурулардың алдын алу және сауын малының денсаулығын тиімді басқару мәселелеріне арналған VetSchool Kazakhstan («Фермерлер мектебі») халықаралық ғылыми-практикалық семинары өтті.

Іс-шара «Шин-Лайн» компаниясының өндірістік алаңында ұйымдастырылды. Семинарға сүт-тауар фермаларының басшылары мен ветеринариялық мамандар, халықаралық сарапшылар, мемлекеттік органдардың өкілдері және ғылыми қауымдастық мүшелері қатысты.

Семинар жұмысына ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті мен аумақтық инспекциялардың өкілдері қатысты.

Жиын барысында жануарлар арасында аурулардың таралу қаупін бақылау, биологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтау, трансшекаралық инфекциялық аурулардың алдын алу, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің өзара іс-қимылы мәселелері қаралды.

Семинардың негізгі тақырыптарының бірі – сауын малының денсаулығын қамтамасыз ету және оның сүт шикізатының сапасы мен қауіпсіздігіне әсері болды. Сарапшылар мастит, бруцеллез, лейкоз және репродуктивтік бұзылыстардың алдын алудың заманауи тәсілдерін, ауруларды ерте анықтау, вакцинациялау және мал басына ветеринариялық қызмет көрсетуді ұйымдастыру мәселелерін талқылады.

Сондай-ақ жануарлардың қозғалысын бақылау және аурулардың алдын алу, төлдерді өсіру мен вакцинациялау, бұзауларды уызбен дұрыс қоректендіруді ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Халықаралық сарапшылар Орталық Азияның климаттық жағдайларын ескере отырып, климатқа төзімді азықтық дақылдарды өсіру бойынша тәжірибелерімен бөлісті.

Іс-шара барысында әлемдік және отандық сүт нарығының даму үрдістері, сүт шаруашылықтарының өнімділігі мен экономикалық тиімділігін арттыру мәселелері де сөз болды. Өндірістік тәуекелдерді азайту және мал басының өнімділігін сақтау үшін ветеринариялық есепті жүйелі түрде жүргізу, ауруларды дер кезінде анықтау және алдын алу шараларын уақытылы жүзеге асырудың маңыздылығы айтылды.

Семинардың тәжәрибелік бөлімі аясында қатысушылар «Шин-Лайн» өндірістік кешеніне барып, сүт шикізатын өңдеу және балмұздақ өндіру үдерістерімен танысты.

VetSchool Kazakhstan семинары мемлекеттік ветеринариялық қызметтер, мал шаруашылығы кәсіпорындары, өңдеу өнеркәсібі өкілдері мен халықаралық сарапшылар арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

Мұндай оқыту іс-шаралары мамандардың біліктілігін арттыруға, заманауи ветеринариялық тәсілдерді тәжірибеге енгізуге және мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылын нығайтуға бағытталған. Бұл өз кезегінде сүт шикізатының сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, отандық өңдеу саласын дамытуға және Қазақстанның сүт өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.

Ветеринарлық қауіпсіздік
17 сентября 2026
Қазақстан мен БАӘ ветеринария саласында ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады

Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінде Біріккен Араб Әмірліктерінің Климаттың өзгеруі және қоршаған орта министрлігі өкілдерімен кездесу өтті.

Тараптар ветеринария саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, ветеринариялық талаптар мен сертификаттарды келісу, Қазақстанның мал шаруашылығы өнімдерін БАӘ нарығына экспорттау көлемін ұлғайту, сондай-ақ спорттық жылқыларды экспорттау кезінде ветеринариялық сүйемелдеуді қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Сонымен қатар Қазақстаннан аталған елге жануарлар мен жануарлардан алынатын өнімдерді экспорттауға арналған ветеринариялық сертификаттардың жобалары талқыланды. Құзыретті органдардың өкілдері ұсынылған құжаттарды қарап, оларды одан әрі келісу жөнінде өз ұсыныстарын білдірді.

Кездесу нәтижесінде ветеринариялық талаптарды өзара үйлестіру және ветеринариялық сертификаттарды келісу бойынша жұмысты жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Сондай-ақ мал шаруашылығы өнімдерінің екіжақты саудасын кеңейтуге бағытталған алдағы нақты қадамдарды айқындау жөнінде келісім жасалды.

Жұмыс бағдарламасы аясында БАӘ ветеринариялық қызмет өкілдері Қазақстандағы бірқатар шаруа қожалықтарына барды. Шетелдік мамандар шаруашылықтардағы малды күтіп-бағу және ветеринариялық қызмет көрсету, жануарларды бірдейлендіру жүйесі, сондай-ақ биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларымен танысты.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы