2025 жылғы 19-21 ақпан аралығында Алматы облысында жануарлардың аса қауіпті ауруларының алдын алу және жою жөніндегі шараларды пысықтауға бағытталған симуляциялық оқу-жаттығулар өтті.
Оқу-жаттығуды Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы арасындағы Келісімді іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Алматы облыстық аумақтық инспекциясы ұйымдастырды. 2025 жылы мұндай оқу-жаттығулар еліміздің барлық облыстарында тұрақты негізде өтеді.
Оқу-жаттығуларға 44 маман қатысты, оның ішінде ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық, аудандық және қалалық аумақтық инспекцияларының басшылары мен қызметкерлері, Алматы облысының ветеринария басқармасы, «Ветеринария жөніндегі ұлттық анықтамалық орталықтың» Алматы филиалының мамандары, республикалық эпизоотияға қарсы отряд, ветеринария станциясы, сондай-ақ аудандар мен қалалардың ветеринария бөлімдері және т.б. 16 техника бірлігі жұмылдырылды.
Оқу-жаттығуларға эпизоотиялық жағдайды және ден қою шараларын талдаумен кіріспе бөлім, ауру ошағын анықтау, оқшаулау және жою бойынша практикалық тренинг, сондай-ақ қорытынды талқылау кірді.
Өткізілген оқу-жаттығулар ветеринарлық қызметтердің жоғары патогенді құс тұмауы мен Ньюкасл ауруының өршуіне жедел ден қоюға дайындығын растады. Әзірленген іс-қимыл алгоритмдері мал шаруашылығы саласы үшін тәуекелдерді барынша азайтып, елдің эпизоотиялық салауаттылығын қамтамасыз ете отырып, инфекция ошақтарын уақтылы анықтауға және оқшаулауға мүмкіндік береді.