
"Жабайы жылқыларды қайтару" жобасы биоәртүрлілікті қорғау тарихында маңызды кезеңге айналды және ветеринариялық қауіпсіздік мәселелерінде ерекше мұқияттылық пен құзыреттілікті талап етеді. Бұл жобаны жүзеге асыру халықаралық және ведомствоаралық өзара іс-қимылдан бастап, олар келгеннен кейін жануарлардың денсаулығын қамтамасыз ету шараларына дейінгі көптеген кезеңдерді қамтиды.
Бұл үдерістегі маңызды сәт — Пржевальский жылқыларын Чехия Республикасынан Қазақстанға әкелу кезінде ветеринариялық-санитариялық талаптарды қатаң сақтау. Пржевальский жылқыларын әкелу Қазақстанның ветеринариялық қызметі жылқылардың шығу орнын эпизоотикалық қолайлы деп бағалағаннан кейін, сондай-ақ Чехия мен Германия зообақтарының ветеринариялық дәрігерлеріне ветеринариялық-санитариялық талаптарды түсіндіргеннен кейін мүмкін болды.
Ағымдағы жылдың 4 маусымында Чехия зообағынан 3 Пржевальский жылқысы келді, сондай-ақ бүгін Германиядан тағы 4 жылқы ұшып келді. Пржевальский жылқылары Қазақстанға келген кезде Қостанай облысының ветеринариялық инспекторлары әкелінген жабайы жылқыларды мұқият тексеруден өткізді. Бұдан кейін жылқылар жаңа жағдайларға бейімделу және бақылау үшін карантинге орналастырылды. Жануарлардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз етуге қажетті барлық шаралар қатаң сақталды.
Жылқылар мамандардың бақылауында бейімделу кезеңінен өтеді, содан кейін «Алтын дала» табиғи резерватында еркіндікке жіберіледі.