Қазақстан мен Латвия ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты нығайтады

Қазақстан мен Латвия ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты нығайтады

19 наурыз, Рига – ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Ригаға екі күндік жұмыс сапарымен барды. Қазақстандық делегация құрамында Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің, Ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталықтың, Республикалық ветеринариялық зертхананың, Агроөнеркәсіптік кешендегі экономикалық саясаттың талдау орталығының басшылығы болды.

Сапар барысында Латвияның Ауыл шаруашылығы министрі Армандс Крауземен кездесу өтті, оның басты назары ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты кеңейту және ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу саласындағы сауда қатынастарын жандандыру болды. Армандс Краузе Қазақстанның Латвияның тұрақты серіктесі ретіндегі маңыздылығын атап өтіп, ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделілік танытты.

Аманғали Бердалин өз кезегінде қазақстандық тауарлардың экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге дайын екенін, бұл экономикалық байланысты нығайтуға септігін тигізетінін жеткізді.

Қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде жүзеге асыру мақсатында ауыл шаруашылығы бойынша Қазақстан-Латвия жұмыс тобын құру туралы келісімге қол жеткізілді.

Сондай-ақ қазақстандық делегация Латвияның азық-түлік және ветеринария қызметінің бас директоры Марис Балодиспен кездесіп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі қадағалау мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар, делегация «Биор» мемлекеттік ғылыми институтында болды, онда аса қауіпті ауруларды қадағалау әдістемесі, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолданылатын техникалық құралдармен танысты.