Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің ұжымы Жолдауды тыңдады

Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің ұжымы Жолдауды тыңдады

ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің ұжымы Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Ж. Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын үлкен ыждаһаттылықпен қабылдады.

Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің ұжымы мен басшылығы жыл сайынғы Жолдауды тыңдап және мемлекет басшысы айтқан алдағы кезеңдегі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басымдықтары мен міндеттерін бірауыздан қолдады. Еліміздің түрлі салалардағы перспективалы даму жоспарларын айта келе, Президент ауыл шаруашылығы салаларын ерекше атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша:  «Алдымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз. Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы.

Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет. Бұл салада ірі компаниялар көбірек болса, нақты серпіліс жасауға болады.

Біз экспортты ұлғайта отырып, ішкі нарықты да ұстап тұруымыз керек. Сондықтан елімізге сапалы өнімді қажетті көлемде тұрақты ұсына алатын кәсіпорындар қажет. Отандық агрофирмалардың ірі компаниялар қатарына кіргені жөн болар еді. Сондай-ақ өзара тиімді шарттарды ұсынып, бұл жұмысқа халықаралық корпорацияларды белсенді түрде тарту керек». Қазақстан Президенті өз сөзінде «Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал. Сонымен бірге өз еліміздегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының әлеуетін қаперден шығармаған жөн. Осы ретте 100-ден астам ірі сүт-тауар фермасы салынып жатқан Солтүстік Қазақстан облысының жетістіктері көпке үлгі.

Шаруалардың тәжірибесі мол, жем-шөп қоры да жеткілікті. Оған қоса байыпты қолдау шаралары қолға алынған. Осының бәрі тұтаса келе тәп-тәуір нәтиже беріп отыр. Құс фабрикаларын, көкөніс қоймаларын, ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындар салған кезде осы тәжірибені басшылыққа алу керек».

Толық Жолдау мәтіні