Қонаев қаласында балық ауруы бойынша симуляциялық тренинг өтті

Қонаев қаласында балық ауруы бойынша симуляциялық тренинг өтті

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы арасындағы келісім шеңбері аясында және ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және комитетінің 2022-2023 жылдарға арналған симуляциялық жаттығуларының жоспарына сәйкес, Алматы облысы Қонаев қаласы Қапшағай су қоймасында ветеринария саласының қызметкерлерімен «Балықтардың жұқпалы аурулары анықталған кезде әрекет ету» тақырыбында симуляциялық жаттығу өткізілді.

Іс-шара балықтардың «Аэромоноз» ауруына күдіктену немесе ауру анықталған кезден бастап, ауру ошағын сауықтыру кезеңіне дейінгі қадамдарын нақты жағдай кезінде әр сала қызметкерлерімен өзара әрекет ету  көрінісі түрінде жүргізілді.

Симуляциялық жаттығуға ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Алматы облыстық аумақтық инспекциясы; Алматы облысының ветеринария басқармасы; Алматы облысының полиция департаменті; ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Балық шаруашылығы комитетінің Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы; ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Алматы облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті; ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің «Республикалық эпизоотияға қарсы отряды» РММ; ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің «Республикалық ветеринариялық зертханасы» ШЖҚ РМК мамандары қатысты. Барлығы қатысушылар - 45 адам, техникалар - 7 бірлікті құрайды.

Жаттығудың негізгі мақсаты, кенеттен ауру ошағы шыққан кезінде жедел әрекет ету және жас мамандардың теориялық білімдерін практика жүзінде бекіту болып табылады.

Сондай- ақ, әр сала мамандары өткізілген симуляциялық жаттығудың маңыздылығын және алдағы уақытта осындай жағдайлар туындағанда мүдделі тараптармен бірлесіп іс-әрекет жүргізу үшін, ветеринария саласы бойынша әр түрлі тақырыптарда оқу-жаттығулар жүргізуді ұсынды.