Ауыл шаруашылығы жануарлары арасында сібір жарасы ауруының ошағы пайда болғанда әрекет ету бойынша симуляциялық тренинг өткізілді

Ауыл шаруашылығы жануарлары арасында сібір жарасы ауруының ошағы  пайда болғанда әрекет ету бойынша симуляциялық тренинг өткізілді

Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымымен Келісімді жүзеге асыру мақсатында АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасымен бекітілген 2022-2023 жылдарға арналған симуляциялық жаттығулар өткізу жоспарына сәйкес, Қызылорда облысында ағымдағы жылдың 11-12 мамыр күндері сібір жарасы ауруы ошағын жою бойынша симуляциялық жаттығу ұйымдастырылып өткізілді. Симуляциялық тренингке аудандар мен қала бойынша 53 ветеринар мамандар қатысты.

Тренингке облыстық, қалалық, аудандық аумақтық инспекциясы, облыстық ветеринариялық зертхана, эпизоотияға қарсы отряд, мемлекеттік ветеринариялық ұйымдарының, жергілікті атқарушы органның, төтенше жағдайлар органдарының, полиция органдарының, қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және денсаулық сақтау мекемелерінің өкілдері қатысты және 7 бірлік арнайы техникалар (ДУК, жылжымалы инсиниратор, трактор, жылжымалы вагон, арнайы автокөліктер) жұмылдырылды.

Аңыз бойынша, Қызылорда қаласы, Белкөл кенті аумағындағы «KZO-Ет» шаруа қожалығында мүйізді ірі қараның ауырып, өлгені туралы мал егесі ветеринариялық пункт маманына хабарлаған. Өз кезегінде, ветеринарлық маман қожалыққа дереу барып, өлген малға тексеруді жүзеге асырады, патологиялық материалды алып, ветеринарлық зертханаға жеткізеді, зерттеу нәтижелері бойынша сібір жарасының қоздырғышы анықталады.

Оқу-жаттығу барысында қызметтердің ведомствоаралық өзара іс-қимылының ұйымдастырушылық мәселелері пысықталды, сондай-ақ тренингке қатысушылар ауру ошағында сынама алу, жеткізу, жеткізуді ұсыну, қолайсыз пункттің шекараларын белгілеу, ауру ошағында жою іс-шараларын жүргізу, сондай-ақ тәуекел аймағында алдын алу іс-шараларын жүргізу дағдыларын көрсетті.

Сонымен қатар, жаттығуға қатысушылар ветеринариялық ұйымның мал өлексесін өртейтін жылжымалы инсинератор пешін қолдану, эпизоотияға қарсы отрядтың дезинфекциялау үшін заманауи құрылғыларды, сондай-ақ заманауи жеке қорғаныс құралдарын пайдалану тәжірибесін көрді.

Жаттығу қорытындысымен ветеринариялық қызметтің Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының (ДЖДҰ) ұсынымдарына сәйкес сібір жарасы ошағы пайда болған жағдайда жедел әрекет жасау жөніндегі жұмысқа дайындығы расталды.

Тренингті бақылаушылар мұндай тренингтерді өткізу ветеринариялық қызмет жұмысының тиімділігін арттыру үшін – эпизоотиялық салауаттылықты қамтамасыз етуде және аса қауіпті жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеуде маңызды екенін атап өтті, сондай-ақ өңірлерде осындай іс-шараларды өткізу қажеттігін атап өтті.