Қарағанды облысы Шет ауданындағы жағдай туралы ақпарат

Қарағанды облысы Шет ауданындағы жағдай туралы ақпарат

Қарағанды облысы Шет ауданы Ақшоқы ауылдық округінде жаппай мал өлімі тіркелді. Осы күндер ішінде 260 бас осы инфекцияны жұқтырды. Оның ішінде, ресми деректер бойынша, 96 бас ірі қара малдар мен 2-3 айлық бұзаулар өлген.

Өлекселер өртеу арқылы жойылды. Жою жұмыстары бойынша мүдделі мемлекеттік органдардың, аудандық ветеринариялық станция мамандарының, ветеринариялық пункттердің ветеринариялық дәрігерлерінің қатысуымен ауылдық округке тиесілі мал қорымында жүргізіледі

Ветеринария мамандары мал иелерімен бірлесіп, аурған жануарларға симптоматикалық емдеу шараларын жүргізуде.

Елді мекен бойынша барлығы 2,5 мың бас ІҚМ бар. Ақшоқы ауылының кіреберісіне, ДУК (дезинфекционная установка Комарова) қондырғысы бар бекет орнатылды.

Ветеринариялық мамандар патологиялық материалдарды іріктеп алып, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Нұр-сұлтан қаласындағы «Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталық» ШЖҚ РМК-на жеткізді.

Бүгінгі күні Сынақ хаттамасының (14.06.2022 жылғы№ 1-S22R-246/G-01-02) қорытындысы бойынша қарасан қоздырғышы анықталды. Шет ауданының аумақтық инспекциясымен карантин белгілеу үшін ЖАО ұсыныс жіберілді. Шешім шыққан сәттен бастап Республикалық эпизоотияға қарсы отряд Ақшоқы ауылдық округінде жою іс-шараларын жүргізетін болады.

Карантин шарттары бойынша мыналарға:

1) ірі қара мал мен қойларды карантин белгіленген аумақтан тыс әкетуге;

2) ірі қара мал мен қойлардың карантин белгіленген аймаққа әкелуге және оларды осы аумақ арқылы айдауға;

3) ірі қара мал мен қойларды сатуға, айырбастауға және шаруашылықішілік қайта топтастыруға;

4) карантин белгіленген аумақта жиналған шөп пен басқа да азықтарды шығаруға. Мұндай азықтарды карантин белгіленген пункттің ішінде жылқыларды және иммундалған қара малды азықтандыру үшін оларды вакциналағаннан кейін кемінде күнтізбелік 14 күн өткен соң пайдаланады;

5) ауру малдардан алынған сүтті тамаққа пайдалануға;

6) ауру жануарларды етке союға;

7) өлекселерді ашып қарауға және өлген жануарлардың терісін алуға;

8) саламатсыз шаруашылық жүргізуші субъектіге бөгде адамдардың кіруіне және осы шаруашылық жүргізуші субъектіге қызмет көрсетуге қатысы жоқ көліктің кіруіне;

9) егілген және асқынуы бар малдардан алынған сүтті тамаққа пайдалануға жол берілмейді.

Шаруашылық жүргізуші субъектіні қарасан бойынша саламатты деп жариялайды және одан карантин жануардың қарасаннан сауыққан немесе өлген соңғы оқиғасынан бастап және қорытынды дезинфекция жүргізілгеннен кейін күнтізбелік 14 күннен соң алынады.

Ошақтағы эпизоотиялық жағдай қатаң бақылауда.