
2022 жылғы 13-14 сәуір аралығында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы А.Жақыпбаев жұмыс сапарымен Ресей Федерациясына (Мәскеу қ.) барды.
Жұмыс сапары барысында Федералдық ветеринариялық және фитосанитарлық қадағалау қызметі басшысының орынбасары К.Савенковпен кездесу өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар құс тұмауы бойынша уақытша шектеулерді өзара алып тастау туралы нұсқауларға қол қойды. Россельхознадзордың 2022 жылғы 14 сәуірдегі № ФС-КС-7/10399 хатымен Қазақстан Республикасының төрт облысынан (Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола және Ақтөбе облыстары) уақытша шектеулер алынып тасталды.
Бұл шара отандық құс шаруашылығы кәсіпорындарына өз өнімдерін Ресей Федерациясына экспорттауға мүмкіндік береді.
Кездесу соңында ветеринарлық қызмет басшылары бір-біріне жемісті ынтымақтастық үшін алғыстарын білдірді.