АӨК реформалау жолдары мен әдістері жұртшылыққа ұсынылды - ҚР АШМ

АӨК реформалау жолдары мен әдістері жұртшылыққа ұсынылды - ҚР АШМ

2021 жылы 21 желтоқсанда Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің  Қазақстан фермерлерімен онлайн режимінде кездесуі өтті. Іс-шараға ауылшаруашылығы саласындағы кәсіпкерлер, өңірлік әкімдіктер мен кәсіпкерлер палаталарының өкілдері қатысты.

Кездесуге қатысушылар ветеринария жүйесін реформалау, «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы» заң жобасын және ЖҚШ кооперативтері арқылы мемлекеттік қолдау құралдары сұрақтарын, сондай-ақ «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы өзекті сұрақтар мен АӨК мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру мәселелерін талқылады. Пікір алмасу еркін әрі ашық түрде өтіп, агроөнеркәсіптік кешеннің барлық қатысушылары арасында конструктивті диалог орнату мүмкіндігі бар екендігін көрсетті.

Өз сөзінде министр Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында агроөнеркәсіптік кешен саласы алдына бірқатар міндеттер қойғанын, оларды орындау барысында министрлік тарапынан бірқатар жұмыстар атқарылғанын атап өтті.

Президент бірінші міндет ретінде ветеринария жүйесін реформалауды айқындады. Министрлік ветеринария проблемаларын шешуді орталық және жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық қызметтері арасындағы өкілеттіктердің аражігін нақты ажыратуда, ветеринария саласын цифрлық форматқа көшіруде,ветеринариялық қызметтер нарығын дамыту үшін жағдай жасауда және осы негізде практикалық ветеринариялық қызметкерлердің жалақысын арттырудан бастамақ.

«Цифрландыруға ерекше көңіл бөлінеді. Қазіргі уақытта Қазақ мал дәрігерлік ғылыми-зерттеу институтының ғылыми бағдарламасы аясында «Мал дерек» бағдарламалық өнімі әзірленіп жатыр», - деді Ербол Қарашөкеев.

Аталған мобильдік қосымша ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру деректер базасына жануарлар туралы ақпаратты қалыптастыру және беру процестерін автоматтандыруға, практикалық ветеринариялық қызметкерлерді қағазбастылықтан босатуға, мал шаруашылығы өнімдерінің эпизоотиялық жағдайын және қауіпсіздігін бақылау бойынша жұмысты сапалы жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

«Мұның барлығы жануарлар туралы ақпараттың шынайылығы мен өзектілігіне адами фактордың әсер етуін барынша жоюға алып келеді және бүгінгі күні жануарларды есепке алудағы жөнсіздікті ретке келтіреді», - деп сендірді ведомство басшысы.

Аталған мәселе бойынша қатысушыларға ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Асқар Жақыпбаев толығырақ баяндады.