Орал қаласының әкімі А.Шыныбеков қоғамдық кеңестің алдында шаһардың биылғы 8 айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша есеп берді

Орал қаласының әкімі А.Шыныбеков қоғамдық кеңестің алдында шаһардың биылғы 8 айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша есеп берді

Бүгін Орал қаласының әкімі А.Шыныбеков қоғамдық кеңестің алдында шаһардың биылғы 8 айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша есеп берді. Атап айтқанда, өнеркәсіп, инвестиция тарту, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, халықты әлеуметтік қорғау, тұрғын үй құрылысы, еңбек нарығы, ауқымды жол жөндеу, абаттандыру, жол қауіпсіздігі шаралары, жарықтандыру, ТҮКШ жаңғырту, білім, мәдениет, спорт, жасыл қалаға айналдыру жұмыстары туралы кеңінен баяндады. Төтенше жағдай кезінде мемлекет тұрғындардың әлеуметтік жағдайына қолдау көрсетті. Орал қаласы бойынша сәуір-мамыр айларында уақытша табысcыз қалған 140 мың азамат 42500 теңге көлемінде көмек алды. 2020 жылдың 1 қыркүйегіне жұмысқа орналасу мәселесімен 8 025 адам жолығып 3913 адам мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды.
Соңғы 8 айда атқарылған жұмыстар аз емес, оң өзгерістер байқалады. Қаламызда ауқымды жол жөндеу жұмыстары жүзеге асырылуда. Ұзындығы 61 шақырымды құрайтын 55 көшеге асфальт төселуде. Сондай-ақ қалада 500 жуық аула бар, бүгінде 11 аула аумағында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жол қауіпсіздігі мен көшелерді жарықтандыру – басты назарда. Жоспар бойынша, 15 мыңнан астам жарық шамын орнату көзделген болса, қазіргі таңда қаламыздағы 65 көшеге 4500 электрүнемдегіш жарық шамдары орнатылды. Сонымен бірге биылдан бастап әкімшілік және тұрғын үй ғимараттарын сәулеттік жарықтандыру және техникалық қызмет көрсету бойынша үш жылдық бағдарлама қолға алынуда. Биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1355 пәтерлік 8 көпқабатты үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Қоғамдық кеңес мүшелері қала әкімінің қызметін оң бағалап, жекелеген салалар бойынша өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Күн тәртібіне сәйкес, қала бюджеті нақтылау, саябақ бойынша бақылаушы орган құру жайы талқыланды. Сонымен қатар, Орал қалалық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы А.Төлегенова, Орал қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы А.Дүйсенғалиев және Орал қалалық полиция басқармасы басшысының бірінші орынбасары Ж. Иманалиев баяндама жасап, қоғамдық кеңес мүшелерін толғандырған сұрақтарға жауап берді.