15 қазанға дейін қала мектептері жарықтандырылады

15 қазанға дейін қала мектептері жарықтандырылады

Бүгін Орал қаласы әкімдігінде бала құқығын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және жасөспірімдер арасында суицидтің көбеюі мәселелерін шешу жөніндегі 2020 – 2023 жылдарға арналған Жол картасы аясында кеңес өтті.
- ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл уақыты» атты Қазақстан халқына жолдауында «Балалардың қауіпсіздігі мен балалардың құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше назар аудару қажет» екендігін атап өтті. Наурыз айында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспары бекітілген болатын. Оқу жылы басталды, қазіргі таңда оқушылардың біразы мектепке барып оқуда. Күз мезгілі, қараңғы ерте түсуде. Осыған орай балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылуда, - деді кеңесті ашқан Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков.
Жиында алдыңғы кезекте қала көшелері мен жолдарындағы оқушылардың қауіпсіздігі, автомобиль және жаяу жүргіншілер жолын жарықтандыру, жол белгілерін және автотұрақтар орнату, көше жолдарын патрульдеуге қатысты атқарылып жатқан жұмыстардың есебі тыңдалды.
- Мектептердің 80%-ы автомобиль жолдарының қиылысында, 10 пайызы ғана тұрғын аудандарда орналасқан. Білім беру мекемелерінің айналасындағы жолдар желісі ерекше қарауды қажет етеді. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде мынадай мәселелерге тоқталғым келеді: қаладағы 10-нан астам мектептің (№1, 7, 9, 12, 17, 19, 20, 28, 35, 39, 40, 43 орта мектептер) орналасқан көшелер бойында жарықтың жоқтығы, - деді өз есебінде Орал қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.
Жүргізілген жұмыстардың талдау нәтижесінде көрінген кемшіліктер көбіне мектеп басшыларының тиісті жауапты ұйымдар мен мүдделі тараптар алдында орын алған мәселелерді тұжырымдау мен белгілеуге уақтылы жауап бермеуі болып отыр. Нәтижесінде 60 пайыздан астамында ішкі аумақ тек орталық кіреберістен жарықтандырылып, ал қалған жерлері сол қараңғы қалпында қала берген. Сонымен қатар, қала мектептерінде көлік тұрағының болмауы жиі кездесетін мәселенің бірі болып отыр. Орал қаласының ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімінің басшысы Жандос Дүйсенғалиев өз баяндамасында
қала бойынша жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізінде қаламызда ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап бүгінгі таңға дейін 10-автомобиль бағдаршам нысаны, 12-қосымша бағдаршам секциясы, автомобиль жолдарына 49-жасанды жол тегістемесі (38-ЖЖТ автомобиль жолдарына, 11-ЖЖТ жол жиектерінде орналасқан әлеуметтік нысандарға), 27-көшеге жол таңбалау жұмыстары (2 қайтара жасалды) және 305-жаяу жүргінші жолдарын салқын пластикпен сырлау жұмыстары жүргізілгенін атап өтті.
Күн тәртібінің келесі мәселесі балаларды тұрмыстағы зорлық-зомбылық, кәмелетке толмаған арасындағы қылмыстың алдын алу жайында болды.
Тәулiк бойы қоғамдық тәртiптi сақтауды жүйелi бақылауды қамтамасыз ету мақсатында 140 бейнекамера орнатылған.
Балалар мен олардың ата-аналарына арналған қауіпсіздік шараларын сақтау мақсатында инфографикалар мен постерлер әзірленіп, бүгінгі таңда әлеуметтік желіде таратылып жатқаны жөнінде Орал қаласының ішкі саясат бөлімінің басшысы Ербол Көшеков жеткізді.
Сондай-ақ жиында қала әкімі Абат Абайұлы оқушыларға жол қауіпсіздігін жете түсіндіру мақсатында қосымша сабақ жүргізу және мектеп автобустарын іске қосу жоспарын дайындауды білім беру бөліміне тапсырды.
Қала мектептері бойынша 15 қазанға дейін жарықтандыру жұмыстары толық жүргізілмек.
- Қазіргі таңда басты назар аударатын мәселеміз - бала қауіпсіздігі болуы тиіс. Сол мақсатта атқарылатын істі мейлінше жеделдету керек, - деді қала әкімі.