
Қадірлі оралдықтар!
Баршаңызды Конституцияның 25 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Әлемдік құқықтық ойдың озық жетістіктері мен халқымыздың сан ғасырлық даналығы үйлесім тапқан еліміздің Ата Заңы қазақтың ұлан-байтақ даласының кеңдігін де, өрлігін де бойына сыйғызған қастерлі құжат.
Конституциямыз қабылданған күннен бастап, еліміздің татулығы мен тұрақтылығының мызғымас тұғырына айналып, қуатты мемлекет құрудың құқықтық негізін қалады.
Ұлы Төле би бабамыздың «Халқы заңын сыйлаған елдің бағы бір мысқал артық» дегендей Ата заңды ардақтау – әрбір азаматтың асыл парызы. Конституция қашанда да - өркениетті ел, табысты қоғам құрудың алғышарты. Сондықтан да Отанымыздың барлық жетістіктері Ата Заң мен соның негізінде қабылданған заңнамалардың игіліктері мен құқықтық әлеуетімен тығыз байланысты. Отанымыздың өркендеуі мен ортақ жетістіктерінің ішінде оралдықтардың қосқан үлесі зор. Орал шаһарының гүлденуіне сіздермен бірлесе отырып табыстарға жететінімізге сенімдімін.
Қадірлі ағайын!
Сіздерді еркіндігіміз бен елдігіміздің кепілі болған Конституция күнімен құттықтай отырып, әрдайым амандық, бақ-береке, зор денсаулық, толайым табыс тілеймін!