
Орал қаласындағы мектеп асханалары 7 жылға дейін мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында жеке меншік басқаруына беріледі. Бұл жөнінде бүгін «Aqjayiq» арнасының тікелей эфирінде өткен Орал қаласы білім қызметкерлерінің тамыз кеңесінде қала әкімі Абат Шыныбеков айтты.
«Бұл мектептердегі тамақтандыру сапасын арттыруға, мектептердің жыл сайынғы мемлекеттік сату жұмыстары ұйымдастыру-шаруашылық секілді қосымша жүктемеден босатуға және білім беру мен шығармашылық жұмыстарымен белсенді айналысуына септігін тигізеді», - деді ол.
Сондай-ақ, қала басшысы жаңа оқу жылынан бастап қала мектептері жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіне көшетіндігін мәлім етті.
Бұл тұрғындарды әлеуметтік жағынан қолдауға, бюджетке түсетін жүктемені азайтуға, білім беру қызметтерінің сапасын жақсартуға, мектептердің техникалық базасын нығайтуға мүмкіндік береді.