Орал қаласаның әкімі А.Шыныбековтің құрылысшылар күнімен құттықтауы

Орал қаласаның әкімі А.Шыныбековтің құрылысшылар күнімен құттықтауы

Құрметті құрылысшылар, баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!
Ел экономикасының негізгі іргетасы ретінде құрылыс индустриясының алар орны ерекше, мемлекеттің күш-қуаты мен әлеуметтік ахуалы құрылыс саласының дамуымен тікелей байланысты. Сондықтан да құрылысшы әрқашан да мәртебелі және абыройлы мамандық. Сіздер сол талапқа сай қарышты даму жолына түскен қаламызда сәулеті жарасқан ғимараттарды, әлеуметтік және өндірістік нысандарды сапалы және мерзімінде іске қосуға атсалысып келесіздер. Биыл қаламызда «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 77 мың шаршы метрге жуық 1355 пәтерлік 8 көпқабатты тұрғын үй, сонымен қатар бірқатар әлеуметтік нысандар халықтың игілігіне беріледі.
Жайық жағалауындағы жауһар шаһарымыздың өркендеуі - Сіздердің күні-түні, ыстық-суықта тынбай еткен қажырлы еңбектеріңіздің, ұлан-ғайыр жұмыстарыңыздың арқасы.
Сіздер қалаған әрбір кірпіш - еліміздің өркендеуі мен қаламыздың гүлденуінің негізі, әрбір бақытты отбасының берекелі шаңырағындағы қуаныштың бастауы. Орал қаласын айшықтандырып тұрған құрылыстарға қалдырған қолтаңба әрқайсыңыз үшін үлкен мәртебе.
Құрметті құрылысшылар мен құрылыс ардагерлері!
Сіздер Орал шаһарының сәулеттік келбетін одан әрі көркейтіп, мол тәжірибелеріңіз бен кәсіби шеберліктеріңізді халық игілігіне жұмсай береді деп сенемін.
Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, шаңырақтарыңызға бақ-береке, зор денсаулық, сарқылмас қайрат, заңғар табыс тілеймін!