
Ипотекалық тұрғын үй қарызын алу бойынша банктен өтінші қанағаттандырылған «Көп балалы отбасылар», «Толық емес отбасылар», «Мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасылар» санатындағы және мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының талаптарына сәйкес келетін денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, ветеринария, агроөнеркәсіптік кешен және құқық қорғау салаларында қызмет ететін азаматтар!
«Тұрғын үй сертификаттарын беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2020 жылғы 29 сәуірдегі № 252 бұйрығына сәйкес және «Батыс Қазақстан облысы бойынша тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен оларды алушылар санаттарының тізбесін айқындау туралы» Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2020 жылғы 26 маусымдағы № 30-4 шешімі негізінде тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен оларды алушылар санаттарының тізбесі белгіленген.
Тұрғын үй сертификаттарын алушыларға төменде көрсетілген санаттар жатады:
1) Мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасылары;
2) «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар;
3) Толық емес отбасылар;
4) Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі бекіткен ипотекалық бағдарлама және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының талаптарына сәйкес келетін денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, ветеринария, агроөнеркәсіптік кешен және құқық қорғау салаларында қызмет ететін қажетті мамандар.
Тұрғын үй сертификаты - Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бекіткен ипотекалық бағдарлама және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде тұрғын үйді сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін Қазақстан Республикасының азаматтарына берілетін жергілікті атқарушы органның ақшалай міндеттемесінің нысаны. Тұрғын үй сертификатының сомасы әрбір алушы үшін 1 (бір) миллион теңгеден аспайды. 2020 жылдың 03 тамызынан бастап тұрғын үй сертификаттын алушы үміткер төменде көрсетілген құжаттарды «Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің кеңсесіне тапсыру қажет.
Мекенжайы: Орал қаласы, Қ.Аманжолов көшесі, 69/1-үй, № 3-бөлмеге ( дүйсенбі - жұма күндері сағ. 9.00. -18,30 ға дейін) (түскі үзіліс 13.00-14.30).
Тұрғын үй сертификаттарын алу үшін қажетті құжаттар тізбесі
1) Өтініш;
2) Өтініш берушінің және отбасы мүшелерінің (зайыбының (жұбайының), кәмелетке толмаған балаларының) жеке басын куәландыратын құжат (түпнұсқасы тұлғаны сәйкестендіру үшін беріледі);
3) Соңғы 6 (алты) ай ішіндегі еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызметтен табысы туралы анықтама (барлық отбасы мүшелеріне (зайыбына (жұбайына), кәмелетке толмаған балаларына));
4) Осы Қағидалардың 5-тармағында айқындалған халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының санаттарын қоспағанда жұмыс орнынан анықтама;
5) Қарыз сомасы, бастапқы жарнаның мөлшері және ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша ай сайынғы төлемнің сомасы туралы мәліметтерді қамтитын, өтініш берушіге бастапқы тұрғын үй сатып алу үшін ипотекалық тұрғын үй қарызын беруді мақұлдау туралы ЕДБ-нің (Екінші деңгейлі банктің) хатын қоса бере отырып жүгінуі тиіс.