
Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сай, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, көп балалы аналарға, аз қамтылған отбасы мүшелерін әлеуметтік жағынан қолдау, қиын жағдайда қалған азаматтарға көмектесу, оларға ақпараттық және құқықтық-психологиялық кеңес беру - мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі.
Осы орайда, азаматтардың өз кәсібін ашуына жол көрсету, отбасындағы мәселелердің шешілуіне қолдау көрсету, мемлекеттік бағдарламалардың тетіктері туралы кеңес беру мақсатында «Отбасы» орталығы ашылды.
Бұл орталықты ашуды көптен бері жоспарладық, әрі қаланың ортасынан тұрғындарымызға қолайлы ғимаратта болуын қарастырдық. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жанынан ашылған, тұрғындарымызға «бір терезе» қағидасы бойынша құқықтық, психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, білім беру, бизнеске баулу бағытында көмек көрсететін «Отбасы» орталығы Х.Чурин көшесі 121 мекенжайында орналасқан.
Көпбалалы отбасыларға, аз қамтылған отбасы мүшелеріне мүлтіксіз қызмет етуі үшін бұл ғимаратты ең алдымен жөндеуден өткіздік, бірнеше салалық бөлімдер аштық, онда көпбалалы аналарға жеке ісін ашуға, арнайы мамандардан қолөнерді, тігіншілік кәсіпті үйренуге, басқа да шеберлік сыныптарын өткізуге, өздерін толғандырған мәселелерге байланысты кеңес алуға барлық жағдайлар жасалған. Сондықтан шаһарымызда алғаш рет ашылып отырған бірегей орталық қаламыздағы көпбалалы аналарымыз бен аз қамтылған отбасылардың әлеуетін көтеруді, өмір сапасын арттыруды көздейді және өзекті отбасылық, әлеуметтік және кәсіп ашуға байланысты сұрақтар бойынша аталған орталыққа хабарласып, көмегіне жүгінуге болады.