«Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының кеңейтілген кезекті отырысы өтті

«Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының кеңейтілген кезекті отырысы өтті

Бүгін Орал қалалық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының кеңейтілген кезекті отырысы өтті. Жиынға «Nur Otan» партиясы Орал қалалық филиалының төрағасы А.А.Шыныбеков, БҚО мәслихат хатшысы М.Құлшар, фракция жетекшісі М.С.Давлетжанов және облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, қала әкімінің орынбасарлары қатысты.
Жиында күн тәртібіндегі қаланың санитарлық жағдайы, абаттандыру, жол мәселесі, жұмыспен қамту, құқық бұзушылық пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі атқарылған істердің есебі тыңдалды. Фракция отырысында Орал қаласы әкімінің орынбасары М.Р.Мүлкәй қаладағы ауқымды абаттандыру, көгалдандыру, көшелерді жарықтандыру, ғимараттардың сыртқы қасбетіне жарық беру және жол жөндеу жұмыстары туралы тұщымды баяндама жасады. Әсіресе, шаһар көшелерін жарықтандыру – басты назарда. Себебі, бұл алдымен қаламызға көрік береді, екінші жағынан тұрғындар қауіпсіздігін көздейді. Биыл 15 мыңнан астам электр үнемдеуші светодиодты шамдары орнатылады. Қазіргі таңда қаланың 48 көшесінде 1628 көше шамы ауыстырылды, бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бұл келелі жұмыстар Жайықтың сәулетті шаһарын ажарландыра түсері сөзсіз. Сондай-ақ қаладағы көгалдандыру жұмыстары Зачаған кентін, Тұңғыш Президент алаңын, Астана және Қадыр Мырза Әли шағын аудандарын қамтитын болады. Сонымен қатар, фракция жетекшісі М.С.Давлетжанов кез келген азаматқа қолжетімді, қаламыздағы құрылыс нысандары, жол жөндеу, абаттандыру, әлеуметтік нысандар, инженерлік жүйелер туралы толық ақпарат беретін «Орал даму жолында» деп аталатын www.uralsk.smartmap.kz геоақпараттық порталын таныстырды. Орал қаласы полиция басқармасының басшысы М.Е.Айкенов қала бойынша құқық бұзушылықты және жолдағы қауіпсіздіктің алдын алу бойынша шаралары туралы баяндады. Сондай-ақ Орал қалалық «Nur Otan» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары К.Б.Нуршинов «Bizbirgemiz» қайырымдылық акциясына белсене қатысқан депутаттарға алғысын білдіріп, «Нақты көмек» жобасын таныстырды.Орал шаһарындағы іргелі жұмыстардың барысы мен алдағы жоспарға қысқаша тоқталған қала әкімі Абат Шыныбеков көтерілген мәселелерге байланысты нақты жауап беріп, айтылған ұсыныстардың негізінде тиісті шешімдер қабылданатынын атап өтті.