Ешкім де, ешқашан ұмытылмайды!

Ешкім де, ешқашан ұмытылмайды!

Бүгін Ұлы Жеңістің 75-жылдығына арналған салтанатты іс-шаралар легі Жеңіс алаңынан бастау алды. Еліміздегі төтенше жағдай режимі мен карантин тәртібіне байланысты Жеңістің 75 жылдық мерекесіне арналған шаралар қашықтан, онлайн форматта ұйымдастырылуда. Жеңіс алаңына келген қала әкімі Абат Шыныбеков соғыс және тыл ардагерлерін айтулы мерекемен құттықтады. – Ақ Жайық өңірінен аттанған 82 мыңнан астам сарбаз қан майданда ерлікпен шайқасты. Оның 55 мыңы келешек ұрпақтың бейбіт өмір, жарқын болашағы жолында қаза тапты. Оларға туған жерден топырақ бұйырмады. Бүгін біз «Мәңгілік алау» алдында Ұлы Отан соғысында туған жері мен келешек ұрпағын қорғау жолында шейіт болған қаһарман бабаларымыздың рухына тағзым етеміз. Отан үшін от кешкен соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің алдында жұртшылық болып, бас иеміз, - деді Абат Абайұлы өз сөзінде.
Салтанатты шарада соғыс ардагері Иван Гапичев, тыл ардагері, осыдан 75 жыл бұрын Жеңісті хабарлаған диктор, белгілі ұстаз Мерует Жолдықайырова батысқазақстандықтарды мерекемен құттықтады. – Бұл осыдан 75 жыл бұрынғы 1945 жылғы мамырдың 9-ы еді. Жүрегіміз лүпілдеп, даусымыз дірілдеп, алдымыздағы қағазды оқи бастадық. «Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар, Оралдан сөйлеп тұрмыз. Қымбатты батысқазақстандық жерлестер! Бүгін фашистік Германия тізе бүгіп, Ұлы Жеңіс күні туды! Қуаныңыздар! Шаттаныңыздар!» - деп қуанышты дауыспен Жеңісті хабарладық., -деп сол жылдардан естелік әңгіме айтқан ардагер ұстаз Мерует Жолдықайырова ел тыныштығын тіледі. Жеңістің 75 жылдық мерейтойына орай Жеңіс алаңы қайта жаңартылып, ерекше күйге енген. «Даңқ мемориалында» батысқазақстандық сарбаздардың есімдері мен фотолары жаңадан безендіріліпті. Ұлы Жеңіске зор үлес қосып, жауға атылған 10 оқтың тоғызын дайындаған тыл ардагерлерінің құрметіне «Тыл еңбеккерлеріне тағзым» барьлефі көзге жылы ұшырайды. Аллеяларға батысқазақстандық жауынгерлердің қосқан үлесі туралы ақпараттық тақталар қойылып, соғыстың негізгі оқиғалары мен кезеңдерін бейнелейтін суреттер, маңызды даталар енгізіліпті.
@batys_kz
@zhaikpress