Орал қаласының әкімі Абат Шыныбековтың Жеңіс күнімен құттықтауы

Орал қаласының әкімі Абат Шыныбековтың Жеңіс күнімен құттықтауы

Құрметті оралдықтар!
Ардақты ардагерлер!

Баршаңызды Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!
Жеңіс күні – жаһандық сұрапыл соғыста арын-байрақ, намысын-найза еткен ардагер бабаларымыздың жанқиярлық ерлікпен, қайсарлықпен жеңіс жалауын желбіретіп, бүгінгі ұрпаққа ашық аспан, бейбіт күнді аманат етіп жеткізген қастерлі мерекесі.
Ақ Жайық өңірінен 80 мыңға жуық сарбаз майдан даласында ерлікпен шайқасып, олардың жартысы келешек ұрпақтың бейбіт өмір, жарқын болашағы жолында қаза тапты. Батысқазақстандық 40 азамат Кеңес Одағының Батыры атағын алды. 6 адам «Даңқ» орденінің толық иегері атанды. Біз қайсар майдангерлердің ұрпағы болғанымызды мақтан етеміз!
Адамзатқа қасірет әкелген жаһандық соғыста Отан үшін от кешкен майдангерлердің өшпес ерлігі, отаншылдық рухы, қаһармандық өнегесі – өскелең ұрпаққа үлгі, елдікке мұра, бүгінгі Тәуелсіз ел үшін басты құндылық.
Майдангерлердің Жеңіс рухы бізді де жетістіктерге жігерлендіреді, қиындықтарды еңсеріп, алға өрлеуге көмектеседі. Талай ұрпақ жаңғырып, заман жаңарса да бейбіт заман, берекелі өмір тарту еткен Ұлы Жеңістің маңызы мен айбыны асқақтай береді.
Жеңіс күнімен барша оралдықтарды құттықтай отырып, зор денсаулық, мамыражай тірлік пен ырыс-береке тілеймін! Аспанымыз ашық, еліміз тыныш, мемлекетіміз мәңгілік болсын!