Бүгін Орал қаласының әкімі Миржан Сатқановтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.
Жиынға прокуратура, құқық қорғау саласының қызметкерлері және Орал қаласы әкімдігінің дербес бөлімдерінің басшылары мен кент, селолық округ әкімдері қатысты.
Жиында Орал қалалық білім беру бөлімінің басшысының міндетін уақытша атқарушы Жазира Рысказиева білім жүйесінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және болдырмау жөнінде, сондай-ақ балаларға арналған мектепке дейінгі ұйымдарға балаларды кезекке қоюдың және жолдама берудің ашықтығын қамтамасыз ету бағытында қабылданған шаралар туралы баяндады.
Өз кезегінде баяндамадан кейін шаһар басшысы балабақшаға кезекке тұру бойынша процестерді жетілдіру, мекенжай бойынша жолдау сияқты ұсыныстарын жеткізді.
Бұдан соң Орал қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мейрам Хайров пен қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Асланбек Ибасов сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі бекітілген іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру, мемлекеттік қызметшілермен жұмыс, тұрғындарға мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыру, нормативтік құжаттар дайындауды бақылау және азаматтардың арыз-шағымдарын қарау, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу және басқа мәселелер бойынша ақпарат берді.
Комиссия отырысы соңында қала әкімі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша одан әрі тиімді шаралар қабылдау жөнінде ұсынымдар енгізіп, адал әрі ашық түрде қызмет көрсету сапасын арттыру жөнінде бірқатар міндеттер қойды.