23 маусым — мемлекеттік қызметшілер мен Қазақстан полициясының кәсіби мерекесі күні

23 маусым — мемлекеттік қызметшілер мен Қазақстан полициясының кәсіби мерекесі күні
23 маусым — мемлекеттік қызметшілер мен Қазақстан полициясының кәсіби мерекесі күні.
Осыған орай бүгін Орал қаласы әкімдігінде салтанатты жиын өтті. Салтанатты жиынға шаһардағы мемлекеттік қызметшілер, кірістер және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы, құқық қорғау саласының мамандары қатысты.
Салтанатты шараға қатысушыларды шаһар басшысы Миржан Сатқанов кәсіби мерекемен құттықтап, еліміздің өсіп, өркендеу жолында абыройлы қызмет тіледі.
— Кез келген елдің дамуы, халықтың әл-ауқатының жақсаруы, ең алдымен мемлекеттік қызметшілердің отаншылдық сезімі, ақыл-парасаты, кәсіби біліктілігі мен тәжірибесі арқасында жүзеге асады. Ал азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қоғамдық тәртіптің сақшысы болу — қашан да абыройлы әрі жауапкершілігі зор міндет.
Терең білімді ғана емес, ұстамдылық пен кәсіби біліктілікті қажет ететін қос қызметке, Отан үшін атқарылатын абыройлы іске әрқайсыңыздың сіңірген еңбектеріңіз ерен. Жаңа табыстар жолында дендеріңізге саулық, отбасыңызға бақыт тілеймін, — деді.
Құттықтаудан соң шаһар басшысы абыройлы қызмет атқарған және жұмыс барысында қол жеткізген табыстары мен көрсеткіштері үшін қос саланың бірқатар қызметкерлерін Батыс Қазақстан облысы әкімінің, ҚР Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің БҚО бойынша департамент басшысының, «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» Төрағасының және өз атынан алғыс хаттармен марапаттады.
Айта кетейік, Орал қаласы әкімдігінде 200-ден аса мемлекеттік қызметші еңбек етсе, қала бойынша 1000-ға жуық полиция қызметкері өз міндеттерін жоғары біліктілікпен орындап жүр.