Орал қаласының әкімі Миржан Сатқановтың ІІ тоқсандағы халықпен кездесулері басталды

Орал қаласының әкімі Миржан Сатқановтың ІІ тоқсандағы халықпен кездесулері басталды
Алғашқы кездесу бүгін Желаев селолық округінде өтті. Алдымен шаһар басшысы округте былтыр ашылған тынымбаққа барып, абаттандыру жұмыстарын көрді.
Осыдан кейін №14 мектеп ғимаратында тұрғындармен жүздесті. Кездесу барысында Желаев селолық округінің Арман Бисимбалиев округтің даму бағытына қысқаша тоқталып, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар барысымен таныстырды.
Оның ішінде, Бірлік және Еңбекші көшелерінің қиылысына кәріз жүйесін өткізу, электр желілерінің тозуына байланысты жаңадан 3 трансформатор орнату бойынша қазіргі таңда мердігер мекеме анықталып жатқанын жеткізді. Ал абаттандыру және қоқыс контейнерлерін қалыпқа келтіру бойынша жұмыстар өз ретімен жүріп жатқанын атап өтті.
Кездесуде Желаев тұрғындары бұралқы иттердің көптігі, жастарға демалатын орын ұйымдастыру, интернет, қоғамдық көлік мәселесіне қатысты проблемаларды көтеріп, өз ұсыныс-пікірлерін айтты.
Өз кезегінде қала әкімі қоғамдық көлік бойынша жұмысты бақылауға алуды,
жастарға демалыс орнын ұйымдастыру үшін жер учаскесін әзірлеуді, ит мәселесі бойынша тиісті жұмыстарды жүргізуді құзырлы бөлім және мекеме басшыларына тапсырды. Сонымен қатар кездесуде көтерілген мәселелерді назарға алатынын жеткізді.