Жыл сайын 1 маусымда әлемнің көптеген елдеріндегідей, Қазақстанда да Халықаралық балаларды қорғау күні аталып өтіледі.
Мереке тарихы 1925 жылдан басталады. Оны өткізу туралы шешім Женевада балалардың әл-ауқаты мәселелеріне арналған Дүниежүзілік конференцияда қабылданды.
Балаларды қорғау күні Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін, балалардың денсаулығы мен әл-ауқатын сақтау мәселелері аса өзекті болған кезде әлемде кеңінен мерекеленді.
Қазақстанда бұл мереке 1950 жылдан бері тойланып келеді.
1959 жылы БҰҰ ата-аналарды, мемлекеттік органдарды, жергілікті өзін-өзі басқару органдарын және үкіметтерді, ҮЕҰ-ны балалардың құқықтары мен бостандықтарын мойындауға және сақтауға шақыратын баптардан тұратын Бала құқықтары туралы декларация қабылдады. Қазақстан бұл құжатты 1994 жылы ратификациялады. 1989 жылы 20 қарашада БҰҰ 61 ел қол қойған Бала құқықтары туралы конвенцияны қабылдады.
Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – еліміздің мемлекеттік саясатының басымдықтарының бірі. Бала құқықтарын қорғау саласында тиімді құқықтық негіз құруға баса назар аударылады. Былтыр мамыр айында медициналық оңалту қызметтерін алуға ерекше қажеттіліктері бар балалардың қолжетімділігін кеңейтуге, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін есепке қою мерзімін қысқартуға, сондай-ақ балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алуға қатысты тиісті заңнамалық түзетулер қабылданды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау саласындағы заңнама күшейтілді.
Балалар жылы алғаш рет:
- Халықаралық зияткерлік, шығармашылық және спорттық олимпиадалардың 80-нен астам жеңімпаздары мен жүлдегерлері «Конкурстан тыс» қағидаты бойынша отандық жоғары оқу орындарының гранттарын алды;
- әлеуметтік осал топтардан 400-ден астам бала «Конкурстан тыс» дарынды балаларға арналған 71 мектепке қабылданды («Дарын» мектептері, Білім-инновация лицейлері, Республикалық физика-математика мектептері);
- алғаш рет беделді халықаралық зияткерлік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне 73 млн.тг (1 орын – 4,5 млн. тг, 2 орын – 3 млн. тг, 3 орын – 1,5 млн. тг) сомасына ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Биыл халықаралық пәндік олимпиадаларға қатысушылар саны 600 оқушыға дейін өсті, олардың 252-сі медаль жеңіп алды.
Биыл 1-10 сынып оқушыларының саны 3,5млн астам баланы құрайды.
Қазақстанда 22 081 жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала бар, 3 790 бала балалар үйінде тұрады. Соңғы 10 жылда жетім балаларға арналған ұйымдардың саны 80 бірлікке қысқарды, бүгінде 116 ұйым жұмыс істейді.
2017 жылы асырап алушы отбасы және қонақ отбасы сияқты нысандар енгізілді. Бала асырап алушы отбасыларға, қамқоршыларға, патронат тәрбиешілерге бала тәрбиесінде қаржылық қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ, 2017 жылдан бастап жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың республикалық деректер банкі енгізілді. Осы банктің арқасында балаларды асырап алу және отбасыларға орналастыру рәсімі айқын, ашық болды.
Балаларды қорғау күні – бұл балалар мерекесі ғана емес, сонымен қатар ол қоғамға баланың құқықтарын, денсаулығы мен әл-ауқатын қорғау қажеттілігін еске салады.
Бұл мерекені балалар ғана емес, олардың ата-аналары да атап өтеді. Дәстүр бойынша мереке отбасылық ортада, саябақтарда мерекеленеді, басты алаңдарда, балалар орталықтарында тақырыптық іс-шаралар – балаларға арналған конкурстар, жарыстар, концерттер, ойындар өткізіледі, сыйлықтар беріледі, қайырымдылық шаралар ұйымдастырылады.