
Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесі қарсаңында дарынды оқушылармен жүздесті.
Қала әкімімен кездесуге жалпы білім беретін пәндерден республикалық олимпиаданың жеңімпаз-жүлдегерлері мен оларды дайындаған ұстаздары қатысты.
— Сіздерді, сіздер арқылы білім саласының қызметкерлерін, шәкірттерді оқу жылының тәмамдалуымен және халықаралық балалар күні мерекесімен құттықтаймын.
2022-2023 оқу жылы Орал қаласының білім саласы үшін табысты болды. Ұстаздарымыз бен оқушыларымыз әр түрлі сайыстарда, байқау-жобаларда жүлделі орындарды иеленді. Оған өздеріңіздің жетістіктеріңіз дәлел бола алады. Соның ішінде пәндік олимпиаданың мәртебесі биік екені баршаға мәлім. Әр жылы оралдық оқушылар осы пәндік олимпиадаларда жоғары жетістікке ие болып жүр. Төртінші жыл қатарынан облыста бірінші орынды сақтап тұрғанымыз соның айғағы. Ол сіздердің, жарқын болашақ – білімді ұрпақтың қолында екенін шын мәнінде ұғына алған замандастарыңыз бен жетекші ұстаздарыңыздың еңбегінің жемісі, — деді шаһар басшысы.
Биыл 5-6 сыныптар бойынша олимпиаданың облыстық кезеңіне Орал қаласынан 16 оқушы қатысса, 14-і жүлделі орынды иеленді. Республикалық кезеңге қатысқан 6 оқушының бәрі де жүлдегер атанды. Ал 9-11 сыныптар бойынша облыстық кезеңге жолдама алған 84 оқушының 48-і жүлдегер болды. Республикалық турға қатысқан 22 оқушының 6-уы жүлделі орындарды қанжығалады.
Кездесуде дарынды оқушылар мен олардың ұстаздарына шаһар басшысы алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті.
Осыдан кейін жүзден жүйрік шығып, үздік шыққан оқушылардың ішінде екі оқу орнының грантын иеленген №35 мектеп-лицейдің оқушысы Тарлан Исатайұлы, №41 мектеп-лицейдің 6 сынып оқушысы, республикалық пәндік олимпиаданың қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша ІІІ орын иегері Дәрия Нұрлан және басқа да оқушылар биік белестерді бағындыруға өз септіктерін тигізген ата-аналары мен ұстаздарына алғыс айтты.
Сонымен қатар, мұғалімдер де сөз алып, шәкірт жетістігі ұстаздар үшін мерей екенін, осындай қолдау әрқашан ынталандырып, үлкен жетістістіктерге бастайтынын жеткізді.