"Әке - отбасының алтын діңгегі" форумы өтті

"Әке - отбасының алтын діңгегі"  форумы өтті
Орал қаласы білім беру бөлімі жанынан қалалық әкелер ассоциациясы құрылды. Әкелердің бала тәрбиесіндегі рөлі, білім ұйымдарымен байланысын нығайту мақсатындағы ассоциацияның жұмысы бүгін «Әке – отбасының алтын діңгегі» қалалық форумында таныстырылды.
Форум жұмысына қала әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов қатысты.
Ақпан әкелер айлығы ретінде жарияланып, қала мектептерінде отбасы құныдылықтарын дәріптеу, әкенің бала тәрбиесіне көңіл бөліп қарауын жақсарту мақсатындағы кездесу сағаттары, конференциялар, отбасылық спорттық іс-шаралар өткізілді. Қалалық форум айлық аясында өткізілген осындай тағылымды тәжірибелерді таратуға арналды.
Шараны Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов алғы сөзімен ашты. Өз сөзінде әкелердің бала тәрбиесіндегі рөлінің басымдығын арттырудың маңыздылығын, әсіресе ер балалардың бойында батылдық пен сенімділікті оятуға, рухы мықты болашақ ел қорғандарын дайындауға оң ықпалын тигізерін ерекше атап өтті. Сондай-ақ мектеп өмірінің қоғамдық шараларында белсенділік танытып жүрген үлгілі әкелерге қала әкімінің алғыс хатын табыс етті.
Әр алаңда желілік қауымдастықтар әкелердің ұл-қыздарын еңбекке баулу, қолөнерге үйрету, зияткерлік, экологиялық, туризм, патриоттыққа тәрбиелеудегі үлгілі жұмыстары көрсетілді. Әкелер ассоциациясы жетекшісі ретінде сайланған Нұржан Сертеков ассоциацияның мақсат-міндеттері, жұмыс жоспарымен таныстырды және қатысушы әкелер атынан сөз алған Абзал Нәсиолла, Алтынбек Қаресов, Сырым Сейфолла қатысушыларға үн тастап, балаларға көбірек уақыт бөліп, аға ұрпақтан алған ұлттық өнеге-дәстүрді бала бойына сіңіруде білім ұйымдарымен бірлесе жұмыс жасауға ықыласты екендіктерін жеткізді.
Шараны қорытындылаған қалалық білім беру бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханова еліміздің болашағын тәрбиелеуде форумның мазмұнын, әкелердің белсенділігін арттырудағы бастамаларды қолдауға, таратуға шақырды.