Кездесу барысында тұрғындар 30-ға жуық сұрақ қойды. Соның бірқатарын назарларыңызға ұсынамыз:
Екатерина, қала тұрғыны:
—Исатай-Махамбет көшесінде орналасқан Халыққа қызмет көрсету орталығы маңындағы үйлерге қоқыс жәшігі тым жақын орналасқан әрі контейнерлер саны аз.
М.Сатқанов, Орал қаласының әкімі:
—Биыл жоспар бойынша 600-700 қоқыс жәшіктертерін сатып аламыз. Сіз көрсеткен мекенжайға қоқыс жәшіктерін қоятын болады. Тек тұрғындармен бірлесе ақылдасып, қай жерге қою қажеттігін келісіп шешулеріңізді сұраймын.
Нұртай, қала тұрғыны:
—Ә.Кердері көшесі,77 мекенжайында тұрамын. Тұрғын үй маңындағы қоқыс контейнерлерін тұрақты тазалайды, бірақ үнемі кешкісін толып тұрады. Үйіміз базар маңына жақын орналасқаннан кейін осындай жағдай болып отыр. Осыған бір қадағалау жұмыстары жүргізілсе деймін. Сонымен қатар, Кердері мен Молдағалиев көшелері ағымдағы жөндеуден өте ме?
М.Сатқанов, Орал қаласының әкімі:
—Сіздің өтінішіңіз бойынша жергілікті полиция өкілдері мен қалалық тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары рейд жұмыстарын жүргізіп, тиісті шараларды қолданады. Ал жолға қатысты сауалыңыз бойынша биыл сіз атаған көшелерге ағымдағы жөндеу жүргізіледі.
Гүлмира, қала тұрғыны:
—Абай даңғылы, 52 мекенжайы тұрғындарының атынан өтінішпен келіп тұрмын. Тұрғын үйдің жертөлесі суға толы, шатырының тозығы жеткен. Алайда ПИК ешқандай жөндеу жұмыстарын жүргізер емес.
М.Сатқанов, Орал қаласының әкімі:
— Сіздерге тұрғындармен бірлесіп мүлік иелері бірлестігін немесе жай серіктестік құру қажет. Осыдан кейін ай сайын қазір ПИК қызметіне төлеген ақшаны өздеріңіз бақылай аласыздар. Әрі қарай жөндеу жұмыстары бойынша модернизация бағдарламасына өтініш берулеріңізге болады.
Айтжан, қала тұрғыны:
—С.Сейфуллин, 39 мекенжайының ауласына биыл абаттандыру жұмыстары жүргізіле ме?
М.Сатқанов, Орал қаласының әкімі:
—С.Сейфуллин, 39 мекенжайы бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайын. Ауланы абаттандыру жұмыстары биылға жоспарланған.