
Ақынның бүгінгі туған күніне орай есімін иеленген мектепте барельефі ашылып, әдеби кеш ұйымдастырылды.
– Өткен жылы өңірлік ономастикалық комиссияға ұсыныс түсіп, комиссия тарапынан мектепке ақын есімінің беруде жұмыстар жүргізілді. Міне, жаңа жылды мектеп ұжымы жақсы хабармен бастап отыр. Жерлесіміз, қазақ даласын өзінің қара өлеңіне қосып, «Қазақтың Қадыры» деген құрметті атқа ие болған Қадыр Мырза Әлінің есімінің берілуі мектеп үшін үлкен абырой. Туған күніне орай барельефтің орнатылуы ақынға деген зор құрмет. Осы мектептің оқушылары Қадырдың өлеңдерін жатқа оқып, даналық ойларын санаға сіңіре өсуі керек. Бұл мектептің ұжымының алдындағы басты міндеттердің бірі болмақ. Білім ұясының қабырғасынан түлеген әр жас ұлы тұлғаның ізімен ел азаматы болуына тілектеспін, – деді Мирболат Сағынғалиұлы.
Ақын, журналист Бауыржан Халиолла бүгінде Қадыр Мырза Әлінің есімі еліміздегі бесінші мектепке беріліп отырғанын (оның екеуі Астана қаласында, үшеуі БҚО-да), болашақта әр өңірде ақын атындағы көше, оқу орындары, орталықтардың көбейе түсуі «ғұмырының ұзақ жасауына» себепші болатынын жеткізді.
Орал қалалық білім бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханова халқының қасиетін, жерінің көркемдігін келешек ұрпаққа көркем тілмен жеткізген ұлы ақынның есімінің мектепке берілуінің аса маңыздылығын атады. Сондай-ақ мектептің педагогикалық ұжымына әр сабақты Қадыр Мырза Әлінің даналық сөздерімен бастауды дәстүрге айналдыруды ұсынды.
Қадыр ақын туралы естеліктер, жауһар жырлары арқылы жеткізген адал еңбек, пәк махаббат, биік адамгершілік, Отан, дәуір, халық, қазақ мінезі, елге, жерге сүйіспеншілік туралы ойларын Қадыр Мырза Әлі қорының төрағасы Донеділ Қажымов, журналист Қазыбек Қабжанов, ақын, Жұбантанушы Үзілдік Елубаева айтып берді.