Баршаға белгілі, 2023 жылдың бірінші шілдесінде барлық пәтер иелері кооперативтері мен кондоминиумдер қызметін тоқтатады. Олардың міндетін меншік иелері бірлестігі мен жай серіктестіктер атқарады.
Жаңадан құрылып жатқан ұйымның басты мақсаты — көпқабатты және көппәтерлі тұрғын үйлердің тиісті күтімін қамтамасыз ету.
Жиын барысында алдымен Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов жаңа басқару нысанына көшу бойынша қалада атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндады.
-Қаламыз бойынша 1254 көппәтерлі тұрғын үйлеріміз бар.
Олардың 1132-сі жаңа басқару нысандарына жатады, қалған 122-сі аталған жаңа өзгерістерге кірмейді. Қазіргі таңда 243 тұрғын үйде жай серіктестік, 100 тұрғын үйде меншік иелерінің бірлестіктері құрылды. Сонымен қатар, реформаларды жүзеге асыруды ілгерілету мақсатында Орал қаласы бойынша «Меншік иелері бірлестігінің Ассоциациясы» құрылды. Жаңа басқару нысандарына көшу жұмыстарының қарқыны баяу жүріп жатыр. Ең басты себептердің бірі – көппәтерлі тұрғын үйлерде тұратын азаматтарымыздың белсенділігінің төмендігі, - деді Миржан Мұнайдарұлы.
Сондай-ақ, бұл бағытта түсіндіру жұмыстар тұрақты жүргізіліп, жыл басынан бері 1317 жиналыс өткізілгенін де атап өтті.
Осыдан кейін сервистік қызмет көрсетуші мекеме «KazBatysService» ЖШС директоры Нұрлан Рахымжанов сөз алып, басқарушылармен коммуналдық қызметтермен шарт жасасып, олардың қызметтері үшін қаражатты ашық түрде төлеу сынды МИБ-тің тиімді тұстарын атап өтті. Ал «Меншік иелері бірлестігінің Ассоциациясының» төрағасы Нұрлан Чабдаров ПИК жұмысын жандандыру қажет екенін айтып, көп қабатты тұрғын үйлердің жарықтандыру және аулаларын абаттандыру мәселесіне тоқталды.
Бұдан бөлек, өзге де бірлестік пен кондоминиум өкілдері сауалдарын қойып, тиісті жауаптарын алды.
-Меншік иелері бірлестігі мен жай серіктестіктерді құруды жеделдету қажет. Еліміздің өзге қалаларында басқарудың жаңа нысанына көшу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға талдау жүргізіп, біздегі нақты себептерді анықтау керек. Тұрғындарға жаңа жүйені түсіну қиынға соғуы мүмкін. Аталмыш заңға қатысты толықтырулар мен ұсыныстар болса айтуларыңызға болады. Өзгерістерді өзімізден бастағанымыз жөн. Сондықтан жүйелі жұмыстарды бүгіннен қалдырмай жүзеге асыруымыз тиіс,- деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
Кездесу соңында өңір басшысы қала әкімдігі мен құзырлы мекемелерге бұл бағыттағы жұмыстарды жандандырып, түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.