Кездесуге 1986 жылы өткен қазақ жастарының толқуына қатысқан 12 азамат келді.
Жиынды бастаған шаһар басшысы алдымен Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, қатысушылардың еліміздің еркіндігі мен бостандығы жолындағы ерліктері әркез жадымыздан өшпейтінін жеткізді.
- Біздің ең киелі, қасиетті ұғымымыз – тәуелсіздік.Тәуелсіздіктің арқасында қазіргі таңда еркін өмір сүрудеміз. Осының бәрі бабаларымыздан қалған асыл мұрамыз, аманат болған азаттықтың арқасы. Бүгін өздеріңізбен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Мемлекетіміздің өсіп-өркендеп, бүгінгідей күн кешуіне сіздер зор үлес қосқан тәуелсіздігіміздің арқасында қол жеткізіп отырмыз. Еліміздің еркіндігі мен бостандығы үшін деп алаңға шығып, азаматтық ұстанымдарыңызды көрсеткен Желтоқсан оқиғасындағы ерліктеріңіз әркез жадымызда сақталады - деді Миржан Мұнайдарұлы.
Жиын барысында желтоқсан оқиғасына қатысушылар сөз алып, шаһар басшысынан осы оқиғаға қатысып, оқудан, жұмыстан шығып қалған азаматтардың «ақтау туралы» анықтаманы алу, қатысушы статусын иелену сынды мәселелерге қолдау көрсетулерін сұрады. Сондай-ақ «Батыс Желтоқсан» бірлестігінің мүшелері алдағы уақытта қала әкімдігімен бірлесе отырып, жастарға патриоттық сана қалыптастыруда атқаратын игі істеріне өз үлестерін қосатындарын жеткізді. Өзге де қатысушылар оқиға жайында естеліктерімен бөлісіп, қала әкіміне ұсыныс-тілектерін жолдады.
Қатысушылардың ұсыныс-тілектеріне шаһар басшысы алдағы уақытта жан-жақты қолдау көрсететінін жеткізді.
Орал қаласы бойынша Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың саны 70-ке жуық, қазіргі таңда олардың 8-і «ақтау туралы» анықтаманы алған.
Кездесу соңында қала әкімі кездесу келген азаматтарға арнайы мерекелік алғыс хаттарын тапсырып, оларға зор денсаулық, отбасыларына бақ-береке тіледі.