Орал қаласының жасы үлкен тұрғындарының бірі, Ұлы Отан соғысының ардагері Вениамин Пантелеевич Скаленко жұбайымен бірге Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында дауыс берді.
-Мен сайлауға қатысуды азаматтық міндетім деп санаймын. Бірақ биыл сайлау учаскесіне бара алмадым. Маған дауыс беруге мүмкіндік беріп, үйге келіп, бәрін тиісті деңгейде ұйымдастырып берді. Бүгін халық таңдайтын адам еліміз үшін адал қызмет етеді деп сенемін! - деді ардагер.
Майдангер-десантшы, танкке қарсы қорғаныс сарбазы ретінде 98-ші гвардиялық әуе-десанттық Свир дивизиясының құрамында болып, Прага, Будапешт, Вена, Бруно қалаларын азат етуге айрықша үлес қосқан. Ардагер биыл 98 жасқа келді. Вениамин Пантелеевичпен бірге сайлаудың маңыздылығын атап өткен жұбайы Ксения Федосеевна да өз дауысын берді.
Бүгінгі таңда Оралда Ұлы Отан соғысының 13 ардагері тұрады. Айта кетейік, сайлау учаскелеріне келе алмаған және өз дауыстарын бере алмаған тұрғындарға олардың тұрғылықты жері бойынша дауыс беру жәшіктері де жеткізілді.