Мерекеліс іс-шара Қазақстан Республикасының «Мемлекеттiк қызмет туралы» Заңына сәйкес әкімшілік қызметке қабылданған мемлекеттік қызметшілер салтанатты түрде ант қабылдауынан басталып, қала әкімі Миржан Сатқановтың құттықтауымен жалғасты.
—Баршаңызды ұлттық мереке – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қазан – Республика күні етіп бекіткен болатын. Көпшілік білетіндей, 1990 жылғы 25 қазанда «Егемендік туралы» декларация қабылданды, еліміз тәуелсіздікке бет бұрды, азат болудың алғышарты жасалды. 13 жылдан кейін қайта жаңғырған бұл мерекенің маңызы зор. Республика күні еліміздің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы іспеттес. Елдігімізді ұлықтайтын ұлттық мерекеде әрбір азамат мемлекеттің дамуы мен Қазақстанның қалыптасуына қосқан жеке үлесінің маңыздылығын сезінуі тиіс. Себебі шаһарымыздың көркеюінің негізгі себепшісі – мына сіздер, қала тұрғындары. Әрқайсыңыз саяси және әлеуметтік тұрақтылықтың сақталуы жолында, қаламызды одан әрі өркендету үшін еселі еңбек етіп, көздеген меже биіктерінен көрінуге атсалысып келесіз. Сіздерге Орал қаласының дамуына қосып жатқан үлестеріңіз үшін шексіз алғысымды білдіремін, - деді шаһар басшысы құттықтау сөзінде.
Елдік қасиетіміз бен құндылықтарымызды ұлықтаған ұлттық мереке қарсаңында ұйымдастырылған іс-шара барысында қаламыздың дамуы мен көркеюіне қосқан ерекше үлесі және ерен еңбектері үшін бірқатар азаматтар Батыс Қазақстан облысы әкімінің, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаменті басшысының алғыс хаттары және қала әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Мараппатау рәсімінен кейін сахна «Бабалар аманаты» прологымен қайта ашылып, көрермендерге әр заманның тарихи оқиғаларынан сыр шертер театрландырылған көрініспен жалғасты. Мерекелік концертте отаншылдық бағыттағы әндер шырқалып, жиналғандарға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Кеш шымылдығы «Атамекен» әнімен аяқталды.