Салтанатты жиында Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
- Қазан айы - қамқорлық айы. Осы ай ішінде сіздердің де мерейлі мерекелеріңіз бар. Сіздер әлемдегі ең ізгі әрі қиындығы мол қызметте еңбек етіп келесіздер. Бұл мамандық – кәсіби жоғары біліктілікті, сол қызметке деген адалдықты, төзім мен мейірімділікті талап етеді. Сіздердің әр күн сайын, жылдар бойы атқарып келе жатқан жұмыстарыңыз үлкен құрметке лайық. Осындай мерейлі мерекеде сіздерге қиын да қажетті мамандық бойынша қызмет етіп жүргендеріңіз үшін шын көңілден шексіз ризашылығымды білдіре отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Ел игілігі жолында жаңа табыстарға жете беріңіздер! - деді шаһар басшысы.
Құттықтаудан соң қала әкімі осы салада қызмет атқарып жүрген бірқатар мамандар мен әрқашан игі істерге қолдау танытып, қоғамдық іс-шараларға белсене атсалысып жүрген азаматтарды алғыс хаттармен марапаттады.
Бұдан бөлек, салтанатты шарада «Қызмет» Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Серік Сүлеймен сала мамандарын мерекемен құттықтап, «Құрмет грамоталарын» ұсынды. Сонымен қатар, бірқатар қызметкерлер қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысының алғыс хатына ие болды.
Мерекелік іс-шара филармония өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламамен аяқталды.