Мерекелік жиынға Ресей Федерациясының Орынбор қаласы, еліміздің елордасы және Атырау қалаларынан келген қонақтар, еңбек ардагерлері, қаланың құрметті азаматтары, зиялы қауым өкілдері, депуттар қатысты.
Салтанатты қабылдауда шаһар басшысы Миржан Сатқанов құттықтау сөз сөйлеп, Орал қаласының әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы жолындағы оң өзгерістерге тоқталып өтті.
-Жылдағы дәстүрге сай қыркүйек айында көне шаһарымыз Қала күнін атап өтеді.
Екі аптадан бері қала күніне орай мәдени-рухани, спорттық іс-шаралар легі өтуде. Сонымен қатар шаһар мерекесіне орай бірқатар әлеуметтік және спорт нысандарын пайдалануға береміз.
Жыл сайын жоғары деңгейде тойланатын «Қала күні» мерекесін Орал қаласы толайым табыстармен қарсы алуда.
Қала халқы жыл санап өсуде. Қазіргі таңда Оралда 325 мың адам тұрады. Сәйкесінше қаланың аумағы да артып, көптеген нысандар бой көтеруде. Аз уақытта жаңа шағын аудандар салынып, көне шаһарымыз көркейіп, абаттандырылуда. Тұрғындардың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер ететін бірқатар инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асты. Білім беру, мәдениет, спорт салаларында жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Бұл - барлығымыздың қоян-қолтық еңбегіміздің, бірауыздылық пен татулығымыздың, жаңа белестерге ұмтылысымыздың нәтижесі. Шаһарымыздың шырайын кіргізетін игі істер алдағы уақытта да атқарыла береді. Инновациялық даму деңгейіне мән бере отырып, қала халқын әр жылғы мерекемізде жаңа мәдени, спорт, білім нысандарының бой көтеруімен қуантуға тырысамыз, - деді Миржан Мұнайдарұлы.
Құттықтаудан кейін қала әкімі түрлі салада табысты еңбек еткен азаматтарға «Орал қаласының құрметті азаматы» атағын табыстады. Биыл бұл марапатты тарихи-өлкетану ісінің ардагері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сара Танабаева, денсаулық сақтау саласының ардагері, Орал қаласында медицинаның дамуына елеулі үлес қосқан хирург Серік Хайрекешов, танымал кондитерлік өнімдер өндіруші кәсіпкер, «Балзия» ЖШС директоры, меценат, қоғамдық және қайырымдылық шараларына белсене қатысушы Балзия Евенеева, педагогика саласының еңбек ардагері, ұзақ жылдар С.Сейфуллин атындағы №11 мектепте директорлық қызмет атқарған Ерсайын Сапаровтар иеленді.
Салтанатты іс-шараға арнайы келген Орынбор қаласының басшысы Сергей Салмин мен танымал кино және театр актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Астана циркінің директоры Ерік Жолжақсынов оралдықтарды мерекемен құттықтап, естелік сыйлықтарын табыс етті.
Жиын қала өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен түйінделді.