Іс-шара А.Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған фойеде ұйымдастырылыған кітап көрмесінен бастау алып, «Ғасыр жастары» қоғамдық театрының А.Байтұрсыновқа арналған театрландырылған көрінісімен сахна шымылдығы түрілді.
Фестивальде Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов сөз сөйлеп, шаһардағы тіл саясатын дамытудағы бірқатар жұмыстарға тоқталып өтті.
- Тіл мерекесі - баршамызға ортақ әрі маңызды мереке. Өйткені ол – адамзаттың интеллектуалдық әлеуетінің қазынасы ретінде халықтың ең құнды байлығы болып есептеледі. Қазақстан Республикасының тілдер күні - тәуелсіз еліміздің қоғамдық өмірінде өзіндік орны бар мереке. Орал қаласында идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды тарихи атаулармен жаңғырту бағытында шаралар жоспарлы жүргізіліп келеді. Қаламызда бірыңғай тіл саясатын жүзеге асыру мақсатында алда да атқаратын жоспарлы жұмыстарымыз бар. Сіз бен біздің алдымызда тұрған басты міндет – ана тіліміздің ұлы көшке ілесіп, төрге озуы жолында аянбай қызмет ету, - деді М.Сағынғалиұлы.
Мұнан соң қаламызда мемлекеттік тіл мәртебесін дәріптеу мен насихаттауға зор үлесін қосып жүрген тіл жанашырларын марапаттады.
Оның ішінде тіл саясатын жүргізуде тың бастамалар көтеріп жүрген тілші Қазбек Құттымұратұлына, Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Рита Cұлтанғалиеваға, қоғам белсендісі Бекнұр Сражановқа, ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің БҚО бойынша департаменті басшысының м.а. мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге белсенді үлес қосып жүрген мемлекеттік қызметші Аманқос Жұбанышевқа, БҚО ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары, «Қазақ мектебіне қадам басайық!» жобасының белсенді қатысушысы Ерлан Галиевке «Қазақ тілінің жанашыры» төсбелгісі табыс етілсе, бірқатар азаматтар Орал қаласы әкімінің құрмет грамотасына ие болды.